АҚШ 6 мыңнан астам халықаралық студенттік визаның күшін жойды
АҚШ Мемлекеттік департаменті 6 мыңнан астам халықаралық студенттік визаның күшін жойды. Оның ішінде 4 мыңы Америка заңнамасын бұзған шетелдік азаматтарға тиесілі, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Агенттіктің дерегінше, визалардың жойылуына себеп болған негізгі құқықбұзушылықтар – шабуыл жасау, мас күйінде көлік жүргізу, ұрлық және терроризмді қолдау.
Сонымен қатар, Дональд Трамп әкімшілігі Палестинаны қолдауға арналған наразылық акцияларына қатысқан кейбір шетелдік студенттерге де назар аударған. BBC мәліметінше, олар мұндай шешімдерді студенттердің "антисемиттік мінез-құлық көрсетуімен" байланыстырды.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі халықаралық студенттерге арналған сұхбаттарға жазылуды уақытша тоқтатқан болатын. Алайда маусым айында бұл шара қайта жанданып, талапкерлерден әлеуметтік желідегі аккаунттарын ашық көрсету талап етілетіні жарияланған.
Айта кетейік, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм 14 тамызда Ақ үйдің қазіргі басшысы екінші мерзімге кіріскеннен бері елден 1,6 миллионға жуық заңсыз мигрант кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам оқу орындары мен денсаулық сақтау саласына түсетін жүктемені азайтып, жұмыс орындарының америкалықтарға қолжетімді болуына ықпал еткен.