АҚШ 14 елге қатысты жаңа тарифтер енгізуді ұсынды
Жаңа тарифтерге қатысты қоғамдық тыңдаулар 2027 жылғы 25 қаңтарда өтеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Қытай, Үндістан, Жапония және Еуропалық одақты қоса алғанда, 14 ірі сауда серіктесіне қатысты кедендік баж салығын көтеруді ұсынды. Жаңа тарифтер кейбір елдер үшін 20-дан 40 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, нақты мөлшерлемелер бұрын жасалған сауда келісімдерін ескере отырып белгіленеді. АҚШ Сауда өкілі Джеймисон Грирдің айтуынша, бұл шаралар нарықтағы бәсекелестікті бұрмалайтын және өндірісті субсидиялау арқылы саудаға кері әсер ететін тәжірибелерге қарсы бағытталған.
Алайда бастама бірқатар елдің қарсылығын туғызды. Еуропалық одақ пен Швейцария АҚШ-пен бұрын жасалған келісімдердегі 15 пайыздық тарифтік шектің сақталуын талап етті. АҚШ-тағы кейбір саясаткерлер де жаңа баж салығы америкалық тұтынушыларға қосымша қаржылық салмақ түсіретінін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Вашингтон Бразилиядан әкелінетін дайын ұшақтарға 10 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынды. Бұл елдің Embraer компаниясының акциялары шамамен 5 пайызға арзандаған.
Жаңа тарифтерге қатысты қоғамдық тыңдаулар 2027 жылғы 25 қаңтарда өтеді. Одан кейін ұсыныстардың күшіне ену мәселесі қаралады.