АҚШ 1 тамыздан бастап бірнеше елден келетін тауарларға баж салығын енгізеді

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамыздан бастап бірнеше елден импортталатын тауарларға  бірыңғай тариф енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз осы елдердің тарифтік және тарифтік емес кедергілерінен туындаған сауда тапшылығын тоқтатуға тиіспіз. Сондықтан кез келген тауарға баж салығын енгіземіз, – деді Трамп.

Трамптың жазуынша, 25% тариф Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Малайзиядан келетін тауарларға енгізіледі. Оңтүстік Африкадан келетін өнімдерге 30%, ал Вьетнам, Лаос және Мьянмадан жеткізілетін тауарларға 40% көлемінде баж салығы салынады.

Трамп бұл шараны "сауда теңгерімсіздігін түзетуге бағытталған қажетті қадам" деп атады. Сонымен қатар, ол егер аталған елдер жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтын болса, Вашингтон баж мөлшерлемесін одан әрі арттыратынын ескертті.

Атап өту керек, бұл қадам Трамптың биылғы сәуір айында жариялаған жаһандық тарифтік саясатының жалғасы болып отыр. Ол кезде АҚШ 185 елден келетін импортқа бірыңғай 10 пайыздық тариф енгізген болатын. Алайда бірқатар елдерге бұл мөлшерлеме жоғары болды: Қытай үшін 34%, Вьетнам үшін 46%, ал Еуроодақ үшін 20%-ды құрады. Бұған жауап ретінде Қытай да америкалық тауарларға 34% баж салығын енгізді.

Сондай-ақ шілде айында Трамп БРИКС-ті қолдайтын мемлекеттерге қосымша 10% баж салығы салынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, "АҚШ-қа қарсы бағытталған" кез келген елге қатысты бұл шектеу ерекшеліктерсіз енгізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы