Ақпараттық жұмыс барша мемлекеттік органның басты назарында болуы тиіс – Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты. 

Барлық мемлекеттік ұйымның алдында  ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті тұр.Аталған іс-шаралар бойынша мемлекеттік органдар мен өңірлер үшін нысаналы индикаторлар (KPI) белгіленген.Халықтың табысын арттыруға қатысты Үкімет қабылдап жатқан барлық шара туралы қоғам кеңінен хабардар болуы тиіс, - деді ол.  

Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне  мүдделі мемлекеттік органдармен  және әкімдіктермен бірге  бағдарламадағы іс-шаралардың  сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Индустрия,  Ауыл шаруашылығы,  Энергетика және тағы басқа министрліктер мен  әкімдіктер  тұрақты жұмыс орындарын құру үшін  өнім өңдеу саласында  инвестжобаларды іске асыру,  шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін  пысықтасын. Еңбек министрлігі  мемлекеттік органдармен  және әкімдіктермен бірлесіп,  еңбек табысындағы айырмашылықты азайту жөніндегі  іс-шаралардың орындалуын бақыласын, - деді ол. 

Смайылов атағандай, тиісті мемлекеттік органдар,  «Самұрық-Қазына» қоры,  әкімдіктер  жұмыскерлер жалақысын ұлғайтуды,  сондай-ақ  бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын арттыруды  қамтамасыз етуі керек.

Ұлттық экономика министрлігі  халықтың табысын арттыру үшін  негізгі капиталға инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашуға негізделген KPI бойынша  мемлекеттік органдардың,  барлық деңгейдегі әкімдіктердің тиімділігі мен  рейтингін бағалауды  қамтамасыз етсін.Халқымызға Үкіметтің атқарып отырған жұмысын  жүйелі түсіндіру аса маңызды. Ақпараттық жұмыс  барша мемлекеттік органдардың басты назарында болуы тиіс, - деді Үкімет басшысы. 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы