Ақпараттық талдау орталығында «Үздік педагог» платформасы құрылады – БҒМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпараттық талдау орталығында «Үздік педагог» платформасы құрылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты.
Білім және ғылым министрлігінің №12 бұйрығына өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұйрықтың жобасына сәйкес ақпараттық талдау орталығында «Үздік педагог» платформасы құрылады. Конкурсқа қатысушылардың барлық құжаты электронды форматта осы платформаға жүктеледі, - деді ол.
Сонымен қатар айтуынша, жас педагогтер үшін мамандыққа ену бағдарламасы іске асырылады. Педагогтерді шаруашылық жүргізу құқығына беру жұмысы жалғастырылады.
Оқыту процесін ұйымдастыру барысында «Жазғы мектептің» жұмысын ұйымдастыру, олқылықтарды жою, кәсіптік бағдар беру, шағын жинақты мектептердің білім сапасын арттыру мақсатында базалық мектептің жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылады. Сонымен қатар «Өзін-өзі тану» пәнінің үлгілік жоспардан алынып тасталуына байланысты «Өзін-өзі тану курсын оқыту ерекшеліктері» бөліміне өзгерістер енгізіліп, мазмұны қысқартылды, - дейді комитет басшысы.
Одан бөлек, «Көркем еңбек» пәнінің 1-4 сыныптарда «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері», 5-9 сыныптарда «Технология» мен «Бейнелеу өнері» пәндеріне бөлінуіне байланысты осы пәндердің оқыту ерекшеліктері бөлімдерімен толықтырылды.
«Технология» және «Дене шынықтыру» пәндерін өткізуге сыныпты толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздар топтарына бөлу туралы қағида, ал 1-сыныпта тілдеріді оқытуға байланысты өзгерістер енгізілді, - деп түсіндірді Гүлмира Кәрімова.