Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың төрағалығымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Отырыста Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралып, комиссияның бұған дейінгі отырысында Павлодар және Жамбыл облыстарына берілген ұсыныс-ескертпелер нәтижесі талқыға түсті.
Асқар Омаров биыл комиссия «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның өңірлердегі орындалуына баса назар аударғанын атап өтті.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы әкімдіктері үшін ортақ проблема «Ашық НҚА» порталындағы жобаларға келіп түскен пікірлерге бір үлгідегі жауаптың берілуі болып отыр. «Мысалға, пікірлердің айтарлықтай бөлігіне «Қолдау үшін алғыс білдіреміз» деген жауап беріледі. Олар әрдайым пікірдің мән-мағынасына қарай жауап бере бермейді және түсініксіз жайт ескерту немесе ұсыныстың қабылданғаны не қабылданбағаны белгісіз, – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров.
Сондай-ақ әкімдіктің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі аккаунттарында «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 16-бабының талаптары сақталмаған. Өткен отырыста берілген ұсынымдарды орындау бойынша Жамбыл және Павлодар облыстарының есептерін тыңдаған министр біршама оң өзгеріс барын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін мәлімдеді.
Отырыста ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлғалардың кемшін жұмысы көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап уәкілетті тұлғалар институты барлық мемлекеттік органдарда енгізілді.
Отырыс барысында аталған мониторинг нәтижелері бойынша Жамбыл, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының әкімдіктеріне сын-ескертпелерді түзетуге бір апта берілді.
Комиссия мүшелері ашық отырыстарға қол жеткізудің және БАҚ-тың ақпаратты кедергісіз алуын қамтамасыз етудің маңыздылығын сөз өтті. Орталық және жергілікті органдар былтыр БАҚ сұрауларына жоғары дәрежеде қызмет көрсете алмағаны да айтылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстардағы деректердің өзектілігіне және олардың уақытылы толтырылуына тексеру жүргізу мәселесін көтерді.
Талқылау барысында аталған бағыттағы жұмысты одан әрі жақсарту үшін бірқатар ұсынымдар берілді.