Ақпан айында күн қандай болады? Синоптиктер ауа райы болжамын жаңартты

"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2026 жылғы ақпан айында Қазақстанда ауа райы әдеттегіден жылырақ болатынын мәлімдеді. Жауын-шашын мөлшері де қалыпты деңгейде болатынын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңартылған консультативтік болжамға сәйкес, Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Ал республиканың оңтүстік-шығысында температуралық фон шамамен норма деңгейінде сақталады.

Ақпан айындағы температуралық режим

Айдың алғашқы онкүндігінде елдің батысы мен солтүстік-батысында, оның ішінде Ақтөбе облысында ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Түнде ауа температурасы 23–28 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 15–23 градус аяз болады. Онкүндіктің соңына қарай аяз әлсірейді: Түнде 10–20 градус аяз болса, күндіз 0–8 градус аяз шамасында болады.

Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және шығысында қысқамерзімді жылымық күтіледі. Түнгі уақытта ауа температурасы 15–25 градус аяздан 2–10 градус аязға дейін көтеріледі. Күндіз 5–13 градус аяздан 1–4 градусқа дейін жылынады. Онкүндіктің соңында қайтадан күн суытады: Түнде 18–28 градус аяз болса, күндіз 13–20 градус аязға дейін төмендейді.

Елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ауа температурасы құбылмалы болады. Түнде 5 градус аяздан 5 градусқа дейін жылынып, кей жерлерде 11 градусқа дейін аяз болады. Ал Қызылорда облысының солтүстігінде аяз 18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы 3–10 градустан 8–17 градусқа дейін жылынып, кейін 0–8 градусқа дейін қайта төмендейді.

Қай өңірлерде қатты аяз болады?

Жалпы алғанда, ақпан айында ең қатты аяздар елдің батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында бірінші және екінші онкүндіктерде болжанып отыр. Түнгі уақытта ауа температурасы 21–30 градус аязға дейін, ал шығыстың таулы аймақтарында 35 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін. Күндіз 13–20 градус аяз күтіледі.

Сонымен қатар, бірінші онкүндіктің ортасында, сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің жекелеген күндерінде күндіз жылымық болуы ықтимал.

Жауын-шашын және ауа райы құбылыстары

Республиканың оңтүстік жартысында ай бойы түнгі температура 5 градус аяздан 5 градус жылыға дейін, кей жерлерде 15 градус аязға дейін ауытқиды. Күндіз 0–10 градустан 8–17 градус жылыға дейін болады.

Елдің солтүстік бөлігінде жауын-шашын негізінен қар түрінде жауады. Оңтүстік-батыста және оңтүстікте жаңбыр мен сулы қар жаууы мүмкін. Синоптиктер тұман, көктайғақ құбылыстары және желдің күшеюі туралы да ескертеді. Солтүстік өңірлерде боран соғуы ықтимал.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы