Ақордада төселетін кілемдер Шымкенттен шығады: 500 адамды жұмыспен қамтитын отандық өндіріс
Шымкент қаласындағы “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында орналасқан “Bal Textile” кілем фабрикасы – еліміздегі толық цикл бойынша жұмыс істейтін бірегей кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын директоры, Шымкент қаласы “Атамекен” өңірлік кеңесінің мүшесі Талғат Ысқақов Президентпен кездесу кезінде фабриканың жұмысы, өндіріс көлемі, өнім сапасы және мемлекеттің кәсіпкерлікке көрсетіп отырған қолдауы туралы кеңінен баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талғат Ысқақовтың айтуынша, фабрика кілем өндірісіне қажетті полипропилен жібін бұрын шетелден – Иран, Қытай, Ресей, Өзбекстаннан тасымалдап келген. Алайда Атырауда ашылған жаңа өндірістің арқасында шикізат толықтай Қазақстанда өндіріле бастады.
Атырауда екі жыл бұрын ашылған үлкен өндіріс – пропаннан полипропилен түйіршіктерін жасайтын компаниясы бізге зор мүмкіндік туғызды. Бұрын импорттап алып жүрген шикізатты енді отандық өндірушіден тікелей аламыз. Полипропилен жібін өзіміз иіріп, бояп, толық циклмен дайын кілем шығарамыз, – деді кәсіпкер.
“Bal Textile” бүгінде дайын өнімнің 30 пайызын Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай нарықтарына экспорттайды. Қалған 70 пайызы – ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие.
Үйлерге арналған, ресми іс-шаралар үшін, мешіттер мен қонақүйлерге арналған кілемдер шығарамыз. Ең қуаныштысы – қазір біздің кілемдер Ақордаға төселіп жатыр. Бұл – біз үшін мақтаныш, әрі үлкен жауапкершілік, – дейді фабрика басшысы.
Оның айтуынша, Ақордаға төселген кілемдерді әлемнің түкпір-түкпірінен келетін ресми делегациялар көретін болғандықтан, кәсіпорын өнім сапасын халықаралық стандартқа сай деңгейде ұстап отыр.
Кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып отыр
“Bal Textile” 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Өндірістік аумағы – 6 гектар, жабық цехтар – 40 мың шаршы метр. Кәсіпорын заманауи бельгиялық жиырма өндірістік қондырғымен жабдықталған.
Қазіргі таңда фабрикада 500 адам тұрақты жұмыс істейді. Жылдық қуаттылығымыз – 7 миллион шаршы метр кілем және 4 мың тонна полипропилен жібі. Ал еліміздің барлық өңірінде 400-ден астам серіктес-дистрибьютор бар. Әрқайсысы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы алғанда, біздің өндіріс арқылы 2,5-3 мың адамға жұмыс беріліп отыр, – деді Талғат Ысқақов.
Оның сөзінше, мемлекет тарапынан кәсіпорынға қолдаулар бар.
“Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында бізге жер телімдері тегін берілген, табыс, транспорт, мүлік, жер салықтарынан босатылғанбыз. Осы қолдаудың арқасында жеңілдетілген несие алып, жұмыс істейміз. Кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған, жұмыс көлемі мен сапасы жоғары деңгейде. Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бізге бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті директор.
"Президент өнім сапасын, баға мен экспортты сұрады"
Кәсіпкер бүгінгі “Алтын сапа” сыйлығын табыстау кезінде Мемлекет басшысымен кездесіп, кәсіпорынның жұмысын таныстырған. Ол Президенттің отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне ерекше назар аударғанын айтты.
Президент өнім сапасын, бағасын, сату динамикасын сұрады. Өзбекстанмен бәсекелестік туралы да сұрады. Біз өз өніміміздің бәсекеге қабілетті екенін, көрші нарықтарға да кіріп жатқанымызды айттым, – деді ол.
Фабрика түрлі стильде – этно, классика, минимализм, модерн бағытында кілемдер шығарады. Бұл үшін кәсіпорында 30 дизайнер, оның ішінде 10 креатив дизайнер күн сайын жаңа коллекциялар әзірлейді.
“Кәсіпкерлерді жазалау емес, қолдау керек”
Кәсіпкер елдегі бизнеске жасалатын бюрократиялық қысым мен салық органдары тарапынан болатын тексерістер жайында да өз ойын ашық айтты.
Мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ айрықша қолдауды қажет ететін – отандық шикізаттан тауар өндіретін компаниялар. Шетелден шикізат тасымалдап шығаратындарға емес, ішкі нарықтағы шикізатты пайдаланып, экспортты ұлғайтып отырған кәсіпорындарға арнайы бағдарламалар керек, – деді ол.
Сонымен бірге кәсіпкер салық саясатындағы кейбір кедергілерді азайту қажет деп есептейді.
Салық органдары тарапынан қысым бар сияқты. Кәсіпкерлер – қылмыскер емес, олар елге жұмыс беріп, салық төлеп, экономикаға үлес қосып отыр. Бухгалтерлік есепте қателіктер болуы мүмкін, бірақ оған бірден айыппұл, шотты бұғаттау сияқты жазалау шараларын қолдану дұрыс емес. Алдымен ескерту беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек, – деді Ысқақов.
Ол жаңа Салық кодексінде бұл мәселеге қатысты оң өзгерістер енгізіліп жатқанын да атап өтті.