Ақмолалық полицейлер үстел теннисінің жеңімпазы атанды
Көкшетауда күштік құрылымдар арасында үстел теннисінен чемпионат өтті, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, үстел теннисі сияқты қарапайым әрі денсаулыққа пайдалы спорт түрін кеңінен насихаттау.
Жарысты «Qazaq Union» ЖШС қауымдастығы Ақмола облысының үстел теннисі федерациясының қолдауымен Ақмола облысының жекпе-жек өнері қауымдастығы ұйымдастырды.
«Жауынгер» облыстық күш құрылымдарының спартакиадасы аясында өткен жарысқа прокуратура, Ұлтық қауіпсіздік қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қылмыстық атқару жүйесі, экономикалық тергеу департаменті, әділет, полиция, төтенше жағдайлар департаментінің командалары қатысты.
Чемпионат қорытындысы бойынша полиция департаментінің командасы бірінші орынды жеңіп алды. Прокуратура қызметкерлері екінші, әділет департаменті үшінші орындарды олжалады.
Ақмола полицейлерінің командасында полиция капитандары Мұрат Натиев пен Георгий Ноговицын, сондай-ақ полиция майоры Анар Төкенова қарсыластарымен бақ сынасты. Команда жоғары шеберлік және жеңіске деген ерік-жігерлерін көрсете отырып, керемет нәтижелерге қол жеткізді, - деді полиция департаментінің бастығы Думан Таев.
Теннис – физикалық белсенділікті қажет ететін, пайдасы мол дара спорт.
Маған бұл спорт адам бойында ептілік, шапшаңдық сияқты қабілеттерді дамытуға ықпал ететіндігімен ұнайды. Үстел теннисі – бұл күшті әрі жылдамдықты ғана емес, сонымен қатар траекторияны, соққы жылдамдығын есептей алуды қажет ететін спорт түрі. Әрі бұл керемет гимнастика, - дейді полиция майоры Анар Төкенова.
«Ақмола облысының үстел теннисі федерациясы» ҚБ төрағасы Дастан Әкімовтың айтуынша, үстел теннисін қалың көпшілік арасында таратып, бұқаралық сипат алуына мән беру керек.
Теннис ойнау қол-көз координациясын жақсартып, ақыл-ойды сергітетіні еш дәлелді қажет етпейді. Әсіресе бұл күні бойы компьютер алдында отыратын кеңсе қызметкерлеріне таптырмас спорт. Бұл спортта неғұрлым қатты жылдамдықпен соғу, үстелге дәл түсіру, қарсыластың соқысына шапшаң қарымта қайтара білу маңызды, - дейді Дастан Әкімов.
Ол атап өткендей, облыстың күш құрылымдары арасында үстел теннисінен спартакиада алғаш рет өткізіліп отыр.
Бірінші кезекте біздеқажетті инфрақұрылым бар. Мұндай турнирлерді өткізу тәжірибесі де бар. Сондықтан бастапқыда олимпиадалық спорт түрі – теннистен бастау ұсынылды. Бүгінгі таңда үстел теннисі орталығында 56 бала тегін жаттығуда. Бізге осындай залды ұсынған облыс әкімдігіне, сондай-ақ жарысты ұйымдастырған федерациямызға үлкен рахмет!, – деп бөлісті Дастан Әкімов.