Ақмолалық оқушыларға компьютерлер сатып алынады
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Мектепке жол" акциясы аясында аз қамтылған отбасылардағы балалар компьютерлермен қамтылады. Бұл туралы Ақмола облыстық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазов мәлімдеді.
Өңірде 71 мектептің интернет жылдамдығын арттыру көзделіп отыр. Осы ретте, компьютері жоқ, әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың тізімі жасалды.
Биыл "Мектепке жол" республикалық акция аясында бюджет қаражаты және демеушілік қолдау есебінен балаларға компьютерлер, ноутбуктар мен планшеттер сатып алынады. Балалардың 45% қажетті құралдармен қамтылған. 2600 оқушыда ғана компьютер жоқ. Облыс мектептерінде 16 мың техника бар. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен 1400-ге жуық компьютер сатып алынды. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында қашықтан оқу үшін 7 мыңнан аса компьютер оқушыларға пайдалануға берілді. 1 қыркүйекке дейін мектептер қосымша 400 техникамен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл компьютерлер қажетті құралы жоқ оқушыларға уақытша пайдалануға беріледі, - дейді облыстық білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Валерий Гамазов.
Оның айтуынша, өңірдегі 555 күндізгі жалпы білім беретін мектептердің 250-і санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қалыпты режимде жұмысқа кірісетін болады. Бұл – ауылдардағы оқушы саны аз шағын жинақты мектептер.
Өңірдегі 307 мектепте оқушылар Bilimland және Kundelik білім беру платформаларында қашықтан оқытылады. Ата-аналар өтініші бойынша бұл мектептерде кезекші сыныптар ашылуы мүмкін. Жаңа оқу жылында білім алатын 132 мың оқушының 15 мыңы 1 сыныпқа барады. Жаңа оқу жылында облыс мектептері 400 жас маманмен толығады. Тамыз айында педагогтар үшін "Қашықтан оқытуды үйренемін" онлайн-курсы ұйымдастырылады. Алдағы оқу жылында көптеген мектеп қашықтан оқыту жүйесіне көшетіндіктен, бұл курстарда ұстаздар ақпараттық жүйенің әдіс-тәсілдерін үйренетін болады. Сондай-ақ, педагогикалық шеберлік орталығы ата-аналар үшін де арнайы курстар өткізетін болады, - дейді Валерий Гамазов.
Жыл соңына дейін 2432 орындық 6 мектеп және Көкшетаудағы 1320 орындық қосымша оқу корпустарының құрылыстары аяқталады деп күтілуде. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында 84 мектепке 6,4 млн теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. "Ауыл – ел бесігі" жобасы шеңберінде 7 білім беру нысанын күрделі жөндеу мен жаңғыртуға 1 млрд теңге бөлінген.
Аудандық, қалалық білім беру бөлімдері 19 баспамен оқулықтарды жеткізу бойынша 235 келісімшарт жасады. Қажетті оқулықтар 25 тамызға дейін жеткізіледі. Биыл 11 сынып оқушылары жаңартылған білім бағдарламасы бойынша білім алады. 1 сынып оқушыларына арналған "Әліппе", "Ана тілі" бағдарламалары бойынша дайындық жұмыстары басталды. Пандемияға байланысты ҚР Білім министрлігінің шешімімен биыл оқушылар мектепке қалаған киімін кие алады. Ең бастысы, қарапайым классикалық үлгідегі киім болуы қажет, - дейді Валерий Гамазов.