Ақмолалық кәсіпкерлер өтірік үйірмелер ашып, ақша жымқырған
Ақмола облысы прокурорлары «АртСпорт» бағдарламасын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл бағдарлама балаларға спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беру үшін арнайы жасалған, жеткізушілердің үй-жайларды жалға алу және жаттықтырушылардың жалақысы үшін барлық шығындарын мемлекет төлейді.
Алайда, жосықсыз кәсіпкерлер бұл бағдарламаны бюджет қаражатын жымқыру үшін пайдаланды. Тексеру барысында жалған секциялар мен үйірмелерді ашу, «өлі жандарды» рәсімдеу фактілері анықталды.
Мысалы Ерейментау қаласында кәсіпкер үстел теннисі және шахмат бойынша секциялар, сондай-ақ домбыра мен би үйірмелерін ашты. Сонымен қатар, домбыра және шахмат ойыны бойынша сабақтар іс жүзінде өткізілмеген, ал қалған үйірмелерге қатысатын балалардың саны асыра көрсетілген. Ұрланған бюджет қаражатының жалпы сомасы 6 млн. теңгені құрады.
Прокуратура осы факт бойынша қылмыстық істі тіркеді, ол кейіннен сотқа жолданды.
Сот үкімімен аталған кәсіпкер ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды. Мемлекетке келтірілген материалдық залал өтелді, шарт бұзылды.
Тағы бір мысал, Көкшетау қаласының кәсіпкерлерінің бірі волейбол және үстел теннисі секцияларын тіркеді. Екі секцияда да бірдей балалар болды, ал іс жүзінде олар тек волейболға барды, теннис сабақтары өткізілмеді, бірақ кәсіпкер бюджет ақшасын алғаны туралы табель толтырды. 6 ай ішінде ол 1 млн.теңгеден астам иемделді.
Қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, залал өтелді, осы кәсіпкермен шарт бұзылды.
Прокуратура тексеру нәтижелері бойынша алаяқтық фактілерімен осындай жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты барлығы 5 қылмыстық іс қозғалды, мемлекетке келтірілген залал көлемі 16 млн.теңгеден асты.
Қазіргі уақытта барлық істердің тергеуі аяқталды, 3 айыптау үкімі шығарылып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.