Ақмолалық кәсіпкер әйел ерекше жобасымен бөлісті
Көкшетауда өткен өңірлік әскер әйелдер форумында кәсіпкер Гүлмайра Баймақова қалалықтарды табиғи өніммен қамтуға қатысты жобасымен бөлісті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Форумға облыс аудандарынан 300-ден астам делегат қатысты.
Форумда төрт негізгі мәселе көтерілді: әйелдер кәсіпкерлігі, әйелдер көшбасшылығы, әйелдер денсаулығына қатысты мәселелер, сондай-ақ қаржылық сауаттылық. Форум Мемлекет басшысы мәлімдеген гендерлік теңдік стратегиясы аясында өткізіліп отыр. Қазір бұл әлемдік үрдіс болғандықтан, біздің еліміз де шет қалмайды, - деп бөлісті «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы ҚБ президенті Ақмарал Бекмұрзаева.
AMANAT партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мүсірәлімова өңірдің және тұтастай алғанда елдің барлық салаларын дамытудағы әйелдердің рөлін атап өтті.
Бүгінде облыстық мәслихатта – 10, аудандық, қалалық мәслихаттарда 73 әйел депутат еңбек етуде, 1-і аудан әкімі, 40-ы ауылдық округтердің әкімі болып жұмыс істейді. Біздің ақмолалық әйелдер шағын және орта бизнесте көшбасшы орынға ие, - деп атап өтті ол.
Степногорск қаласына іргелес Қарабұлақ ауылындағы «АР-АЙ» ӘКК» шаруа қожалығының басшысы Гүлмайра Баймақова ауылда қалай бизнес жүргізуге болатыны жайлы өз тәжірибесімен бөлісті.
Қалада тұрып, жаңа піскен сүт, қаймақ және сүзбені қалай алуға болатындығы туралы тәжірибесімен кәсіпкер іскер әйелдер форумында бөлісті.
Кәсіпкер «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы грант алып, 2020 жылы «Ауылдың дәмі қалада - Балкондағы сиыр» жобасын әске қосты.
Жобаның механизмі өте қарапайым. Инвестор сиырды сатып алып, оны бағу үшін ауыл тұрғынына береді. Ауыл әйелі қала тұрғынынан сиырды алты жылға жалға алады. Ауыл әйелі әр апта сайын 2 кг сүзбе, 1 кг қаймақ, 3 литр піскен сүт, 3 литр майсыз сүт және 10 литр сарысу әкелуге міндеттеледі.
Нәтижесінде дүкеннен ұнтақ сүттің орнына қала тұрғыны экологиялық таза өнім алады. Тағы бір артықшылық – инфляцияның болмауы. Егер 2020 жылы 1 литр сүт 200 теңге тұрса, қазір 350-400 теңге екені белгілі. Ал қала адамы еш ұтылмайды, апта сайын ауылдан табиғи өнім алып отырады, - деп қосты Гүлмайра Баймақова.
Оның айтуынша, жобаға бірқатар қала тұрғындары қатысып жатыр.
Алайда табысқа бір күнде қол жеткізбегенін айтады ол. Үш жыл бұрын кәсібін бастаған кезде оның тек 0,5 га ғана жері болған.
Мен қарапайым ауылдың әйелімін, YouTube-тан оқимын, семинарларға қатысамын, өйткені ең бастысы біліміңді жетілдіру ғой. Жасырары жоқ, өнім көп болғанымен, оны өткізуде кедергілерге тап болдық. Өйткені дүкендер көкөністерді қабылдамады. Бағасы импорттан әлдеқайда арзан болса да, олар жеткізушілері бар екенін айтты. Қазір бізде 680 адамнан құралған «Қарабұлақ көкөністері» тобы бар. Біз делдалдар тізбегін алып тастадық. Қазір өз өнімдерімізді тұтынушыларға тікелей жеткізетін деңгейге жеттік. Тіпті тікелей пәтерге дейін де жеткізіп бере аламыз, - дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер 45 тонна көкөніс өсіріп сатып, пайдаға кенелді. Бүгінгі таңда Гүлмайра-табысты кәсіпкер. Ол ауыл тұрғындарын делдалсыз көкөністермен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға жұмыс беріп, басқаларға бизнес бастауға, көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға көмектеседі.
Адамның қолынан бәрі келеді. Тек мақсат қойып, алға ұмтылу керек. Кейде әйелдер кеңес алатын жер таппай қиналады. Осы ретте AMANAT партиясының жанынан әйелдер қанатын ашуды ұсынамын. Сонда біз өзімізді толғандыратын барлық мәселелер бойынша тікелей хабарласа аламыз, - деп ұсыныс білдірді Гүлмайра Баймақова.
Айта кетейік, елімізде былтыр жарық көрген «Ауыл әйелдерінің 100 табыс тарихы» кітабына бірқатар ақмолалықтар да кірді. Облыстың көптеген тұрғындары облыстық және республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болды.