Ақмолалық фермер цифрлық теңгемен техниканы лизингке алды

"ҚазАгроҚаржы" АҚ цифрлық теңгені пайдаланып, инвестициялық субсидиялардың бөлінуі мен игерілуін бақылауға бағытталған пилоттық жобаға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Пилоттық жоба аясында Ақмола облысының фермері ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша лизингке сатып алды.

Цифрлық теңгені пайдаланудың пилоттық жобасы жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Әлеуетті лизинг алушы атанған Ақмола облысының фермері "Астықжан К Т" ЖШС ауыл шаруашылығы техникасын 5% жеңілдікті мөлшерлемемен лизингке алды. Аванстық жарна цифрлық теңге көмегімен мемлекеттік қаражат есебінен төленді.

Шарттың жалпы сомасы 7,7 млн теңгені құрады, ал лизинг нысанасы ретінде астық сепкіш-қопсытқыш және айналмалы шөп шапқыш таңдалды.

Цифрлық теңгенің басты артықшылықтарының бірі - арнайы шоттарға қаражатты алдын ала аудару қажеттілігі туындамайтын болады. Сонымен қатар, жаңа механизм алдын-ала төлемдерді бақылауды автоматтандырады. Жүйе лизинг шартын жасасқан соң қаржы институтының атына қажетті соманы автоматты түрде аударуды қамтамасыз ететін болады. Бұл қателіктер мен түсініспеушіліктерге жол бермейді, әрі барлық қаржылық операциялардың ашықтығын арттырады, - деді "ҚазАгроҚаржы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марс Алиш.

Цифрлық теңге Қазақстанның ұлттық валютасының үшінші нысаны ретінде қарастырылуда. Оның бірегейлігі - ол қолма-қол ақша мен қолма-қол ақшасыз төлемдердің артықшылықтарын біріктіреді. Мысалы, цифрлық теңгемен төлем жүргізу үшін интернеттің қажеті жоқ. Сондай-ақ, блокчейн технологиясының көмегімен деректер жоғары деңгейде қорғалып,барлық операциялардың ашықтығы қамтамасыз етілетін болады. Бұл бюджет қаражатының ағынын бақылауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау жөніндегі жобаларды масштабтауды тапсырған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Өзгелердің жаңалығы