Ақмолалық 70 жастағы хореограф көпшіліктің жүрегін елжіретті
Желіде 70 жастағы хореограф Ерсін Жүсіповтің сахна сыртында кішкентай балаларға би қимылдарын көрсетіп тұрған әсерлі видеосы тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Видеодан оның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығын байқауға болады.
"Ол – керемет ұстаз", "Осындай би үйретушіге қызымды берер едім", "Бимен жаны сөйлеп тұрғаны көрініп тұр", – деп жазды пікір қалдырғандар.
Бейнежазбаның авторы – балаларға арналған "Өнер жұлдызы" байқауының ұйымдастырушысы Айдана Нұркенова екені анықталды. Байқау 30 наурызда Астанадағы "Жастар" сарайында өткен.
"Ұстаздық еткен жалықпас" дейді. Балалардың қалай билеп жатқанын қараңыздаршы, – дейді Айдана.
Видеодан шәкірттерінің жетістігі – ұстаздың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі екенін көруге болады.
Байқауға Ақмола облысы, Қоянды ауылындағы "Болашақ" өнер және спорт мектебі хореография номинациясы бойынша қатысты. Педагог – Ерсін Жүсіпов. Жасы 70-тен асқан. Оның шәкірттері өз номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Өте қарапайым, ұстаздық пен биге шын берілген адам, – деді Айдана Нұркенова.
Көпшілік Ерсін ағайды үлгілі ұстаз ретінде танитынын жарыса жазуда.