Ақмолада жыл соңына дейін 31 мың жұмыс орны ашылады

Қазір Ақмола облысында 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында жыл соңына дейін 31 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ол туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингтің барысында Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина хабарлады.

Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда 21 400 жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріледі.

Осылайша, биыл 234,6 млн теңге сомасына 170 грант бөлінді. Ақмола облысының тұрғындары 141 грант алды. Оның ішінде АӘК алушылар – 10 адам, мүгедектігі бар адамдар – 33, көпбалалы отбасылар – 70, қандастар – 2, мүгедек баланы тәрбиелеушілер – 19, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 7. Сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жалпы сомасы 765,5 млн теңгеге 166 адам шағын кредит алды, - деді Рахматуллина.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңесті жергілікті әкімдіктерден, мансап орталықтарынан және жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан алуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақмола облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы