Ақмолада Тоқаевтың қоғамдық штабы құрылды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабы құрылды. Бұл туралы Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалында өткен жиында мәлім болды.

Шараға облыстық қоғамдық штаб мүшелері, аумақтық қоғамдық штаб төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өңірде құрылған қоғамды штабқа Nur Otan партиясы АОФ төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов төрағалық етеді. Облыс деңгейінде жұмыс жасайтын штаб төрағасының екі орынбасары бар. Олар – партия Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, дәрігер Серік Аяғанов және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, академик Сағынтай Елубаев.

«Қоғамдық штаб құрамында Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары, қоғам қайраткерлері, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ партия облыстық филиалы қызметкерлерінен құралған 44 адам тіркелген. 31-і облыстық қоғамдық штаб құрамындағы сенімді өкілдер, 32-сі қоғамдық штабтың аппараты және 10 жасотандық жастардан жасақталған. Сайлау науқанына жан-жақты әзірлік жасау, үміткердің сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт шараларын жүргізу, сенімді өкілдер мен белсенділердің жұмысын үйлестіру – штабтың негізгі міндеті», - деді қоғамдық штаб төрағасы Ғалым Бекмағамбетов.

ҚР президенттігіне үміткер Қасым-ЖомартТоқаевты қолдауға арналған штабтар Көкшетау қаласында және облыстың барлық ауданында құрылды.

Облыстық қоғамдық штаб өз тарапынан сайлау науқанын қолданыстағы заңнама аясында жоғары деңгейде өтуіне бар күшін салатын болады.

«Ақмола облысында 370 бастауыш партия ұйымына біріккен 47 мыңнан астам партия мүшесі бар. Біз сайлау кезінде осы ресурстардың бәрін іске қосып, науқанға тиімді пайдалана білуіміз керек. Бұл міндетті орындауға, Республикалық қоғамдық штабтың жұмысына жан-жақты қолдау көрсетіп, заңмен рұқсат етілген барлық мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, қазіргі таңдағы ең жедел де ауқымды сала болып отырған әлеуметтік желілер мен интернеттің мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға күш салғанымыз жөн», - деп атап өтті Ғалым Бекмағамбетов.

Штабтың негізгі міндеті – президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау көрсету, оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу.

«Біз бұл науқанда өзіміздің алдымызға қойған мақсатымызды толық орындап шығатынымызға сенімдіміз. Сайлау алдында біз өз кандидатымызға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіспіз. Осыған орай үміткеріміздің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының тиімді, креативті және нәтижелі жүргізу жолында қолда бар мүмкіндіктер мен шаралардың барлығын іске қосатын боламыз», - деді облыстық қоғамдық штаб мүшесі, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Роза Арыстанқызы. 


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы