Ақмолада патрульдік полицейлер донорлық ағзаларды шұғыл жеткізуге көмектесті

Ақмола облысында патрульдік полицейлер донорлық ағзаларды шұғыл жеткізуге көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Ақмола облысының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері донорлық органдармен автокөлікті шұғыл ілесіп жүруді қамтамасыз ете отырып, трансплантологтарға баға жетпес көмек көрсетті.

Осы жылдың 3 ақпанында жергілікті полиция басқармасына РМӨ ШДҚ республикалық үйлестірушісі өмірлік маңызды органдарды жедел тасымалдауға жәрдемдесу туралы өтініш жасады.

ЖПҚБ бастығы Аслан Қызбикенов полиция департаменті басшылығымен келісе отырып, патрульдік полиция ротасының инспекторларына, Саян Сұлтанға және Жақсыгелді Жұмабековке дереу медициналық бригадамен автокөлікті алып жүруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Полицейлердің үйлесімді жұмысының арқасында донорлық органдары бар автомобиль Қарағандыдан Астанаға еш кедергісіз және оқыс оқиғаларсыз сәтті жетті.

Полиция қызметкерлері трансплантологтарға бірінші рет көмектесіп отырған жоқ.

Өткен жылы University Medical Center (UMC) мамандары Көкшетау полицейлеріне органдарды жедел тасымалдау үшін "жасыл дәлізді" қамтамасыз еткені үшін алғыс білдірген.

 Біз осындай сәттерде бізге жүктелген барлық жауапкершілікті түсінеміз. Әрбір ілесіп жүру тек жұмыс емес, донорлық органдарды жылдар бойы күткен адамдарға көмектесу. Біз өмірді құтқаруға үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз, – деп атап өтті полицейлер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы