Ақмолада әскер мәселесін "шешемін" деген дәрігер сотталды
Жаза тағайындауда сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін, кінәсін мойындауын және келтірілген шығынды өтеуін ескерді.
Целиноград аудандық сотында аудандық емхананың дәрігері М.-ға қатысты қызметтік жағдайын пайдаланып, бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында М. үш жас жігітке әскери қызметтен кейінге қалдыруға көмектесетінін айтып, ақылы қызмет ұсынып, жаңылыстырған.
Жәбірленушілер Н., Б. және Х. М.-ның есепшотына әрқайсысы 350 мың теңгеден аударған. Ол бұл қаражатты өз қалауынша пайдаланып, оларға материалдық шығын келтірген.
Сотта М. кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді және жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеді.
Жәбірленушілер Н., Б. және Х. сотта қазір шығын толық өтелгенін, сотталушыға қатысты ешқандай талап-тілектері жоқ екенін айтты, – деп жазылған хабарламада.
Жаза тағайындауда сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін, кінәсін мойындауын және келтірілген шығынды өтеуін ескерді.
Сот үкімімен М.-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 1 жылға медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылды. Сонымен қатар, бас бостандығын шектеу мерзімі бойы оған пробациялық бақылау белгіленіп, міндеттер жүктелді.