Ақмола полицейлері 1700-ден астам жол ережесін бұзуды анықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола полицейлері «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 1700-ден астам ЖҚЕ бұзушылығын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
28-30 қаңтар аралығында Ақмола облысының аумағында “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты жол қауіпсіздігінің алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер ететін жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бойынша жұмыстарды жандандыру болды.
Ақмола облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Үш күн ішінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1742 бұзушылығын анықтады. 26 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Басқару құқығынан айырылған адамдардың КҚ басқарудың сегіз фактісі, басқару құқығы жоқ адамдардың 25 фактісі анықталды. 264 жүргізуші қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін, 122 жүргізуші техникалық байқаудан өтпегені үшін жауапкершілікке тартылды, 98 азамат автомобильді басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланды.
Маневр жасау ережелерін бұзудың 66 фактісі анықталып, бес жүргізуші апаттық жағдай туғызғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың төрт фактісі анықталды. 32 жүргізуші жаяу жүргіншілерге артықшылық бермегені үшін жауапқа тартылды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 226 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.