Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту басты міндет – Ақмола облысының әкімі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүйсенбі күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі әкімдерге біраз міндет жүктеген болатын. 

Ақмола облысын 4 айдан бері басқарып келе жатқан әкім Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бұл өңірде бірінші жартыжылдықта халықтың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша біраз жұмыстар атқарылған. 

«5 600 жұмыс беруші ең төменгі еңбекақы алатын жұмысшылардың айлығын 15-40%-ға арттырды. Бұл дегеніміз - кәсіпорындардағы 39 мың жұмысшы. Жалпы, бюджет мекемелеріндегі төмен еңбекақы алатын 32 мың жұмысшының айлығы орташа 35%-ға өсті. 1 маусымнан бастап, бюджеттік мекемеде еңбек ететін 56 мың жұмысшының еңбекақысы 30%-ға көтерілді», - дейді Ермек Маржықпаев.

Оның айтуынша, облыста баспанамен қамту, ауыл және қала инфрақұрылымын дамыту мәселелері біртіндеп шешіліп жатыр екен.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 35 көппәтерлi үйдiң құрылысы салынып жатыр. Биылғы жылдың 6 айында 2317 пәтер пайдалануға берiлдi. Жылдың қорытындысы бойынша 500 мың  шаршы метр тұрғын үйдi пайдалануға берудi қамтамасыз ету және 5 мың пәтерден асыру жоспарланып отыр», - дейді әкім.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы