Ақмола облысының әкімі мектеп автобустарының кілтін тапсырды

Көкшетауда Ақмола облысының педагогикалық қызметкерлерінің «Білімді ұлт: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» атты тамыз кеңесі аясында мектеп автобустарының кілттері табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Аймақ басшысы салтанатты түрде Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудандарының білім бөлімдерінің басшыларына «Yutong» маркалы 15 автобустың кілтін табыс етті.

Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін жыл сайын жаңа арнайы көлік сатып алу бойынша жұмыс істеліп жатқанын атап өтті. Мәселен, үш жыл ішінде облыста 70 бірлік автокөлік құралдары сатып алынды, бұл автопаркті 40%-ға жаңартуға мүмкіндік берді, биыл лизинг арқылы 2,6 млрд теңге сомасына 65 автобус жеткізіледі.

Автобустардың арқасында ауыл мектептерінің оқушылары көптеген спорттық жарыстарға, ғылыми олимпиадаларға және облыстың барлық мәдени іс - шараларына қатысуға мүмкіндік алады, - деп атап өтті облыс әкімі.

Жаңа көлік барлық заманауи талаптарға жауап береді-төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, ашық есіктерде қозғалысты бұғаттау механизмімен, сыртқы және ішкі дауыс зорайтқыштармен жабдықталған.

Айта кетейік, Ақмола облысына арналған автобустарды лизингтік бағдарлама бойынша сатып алуды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырды. Техника өндірушілері QazTehna ЖШС болды.

Бүгінде балаларды мектепке жеткізу үшін 188  автокөлік құралдары жұмылдырылған, оның ішінде 121 - автобус және 67 - шағын автобус.

1 қыркүйекте Ақмола облысының мектептерінде 136 мыңнан астам оқушы партаға отырады, олардың 15 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары.

Үш жыл ішінде Ақмола облысында білім беру нысандарын салуға және қайта жаңғыртуға 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, 12 нысан пайдалануға берілді.

Бүгінде облыста жалпы құны 30 млрд болатын 14 мектеп салынып жатыр, оның бесеуі биыл пайдалануға беріледі. 

Ал 1 қыркүйекке қарай біз Қосшы қаласында үш ауысымды білім беру мәселесін шешуге мүмкіндік беретін 1200 орындық мектеп ашамыз, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев конференцияның пленарлық бөлімінде сөйлеген сөзінде.

2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жөніндегі жалпыұлттық жоспар шеңберінде облыста үш ауысымдылық, апат және орын тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Бүгін облыста осындай тоғыз мектеп бар.

Тек осы жылы ғана бюджеттен мектептердің оқу-материалдық базасын нығайтуға. 4 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Соңғы үш жылда 14,2 млрд теңгеге 250 жуық білім беру нысанына жөндеу жүргізілді, бұл әрбір үшінші мектеп. Оның ішінде 48 күрделі жөндеуден өтті – 9,3 млрд теңгеге өңірдің тағы 11 мектебінде 1,7 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, - деп түйіндеді әкім.

Тамыз конференциясының жұмысына Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов қатысты.

Сондай-ақ, іс-шарада үздік педагогтар аталып өтіп, облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» және «ТжКБ үздік ұйымы» байқауларының жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар берілді және жас мамандарға құрмет көрсетілді.

Әсел ТҰРАР

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақмола облысы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы