Ақмола облысының әкімі: 38 ауылда медициналық мекемелер салынады
Ақмола облысында 38 ауылда амбулаториялық-емханалық ұйымдар салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Өңір басшысы халықты медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жыл сайын денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасы жақсарады, медициналық мекеменің инфрақұрылымы нығайтылады. Биыл базада 5 млрд теңгеге 46 бірлік қымбат жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда облыс бойынша дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 2 есеге жуық төмендеді, - деп атап өтті облыс әкімі.
Айтуынша, жыл сайын әлеуметтік нысандардың құрылысы артып келеді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстың 38 ауылдық елді мекенінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу көзделген. Степногорск және Атбасар көпсалалы қалалық ауруханаларын жаңғырту жоспарда бар. Осы объектілерді пайдалануға беру ауыл тұрғындарын нормативтерге сәйкес медициналық көмекпен қамтуды едәуір арттырады. Биыл Қоянды ауылында 50 адамға арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының, Сочинское ауылындағы медициналық пункттің және Новосельское ауылындағы ФАП-тың құрылысы аяқталады. Степняк қаласында аурухана құрылысы басталды, - деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ ол аймақ үшін ауқымды жобалардың бірі Көкшетау қаласында халыққа медициналық қызмет көрсетудің кең спектрімен 630 орындық заманауи көпбейінді аурухана салу деп отыр.
Аймақ үшін жоба өте маңызды. Қазір дайындық шаралары жүріп жатыр, Сарыарқа шағын ауданында 17 гектар бөлінді, - деді әкім.