Ақмола облысының 5 ауданында су тасқыны қаупі жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының бес ауданында су тасқыны қаупі жойылды. Бұл туралы аумақтық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов мәлімдеді.

ТЖД бастығы орынбасарының айтуынша, өңірде су тасқынының қаупі сәуірдің бірінші онкүндігінде артты. Әсіресе, күннің күрт жылуына байланысты Целиноград, Аршалы аудандарында күрделі жағдай қалыптасты. Осыған байланысты 1-5 сәуір аралығында ықтимал су тасқынының зардаптарын жою үшін аталған аудандарға Атбасар ауданынан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы әскери бөлімдерден қосымша құтқарушылар тобы келді. 

Жалпы, облыс бойынша елді мекендерден 1,1 миллион текше метрден астам қар шығарылып, 800 мың текше метрден астам еріген қар суы сорғытылды. Бұдан бөлек, құм салынған 9,2 мың қап төселді, 1,3 шақырым болатын бөгет салынып, нығайтылды, сондай-ақ, 98 шақырым су арнасы тазартылды, - деді Манарбек Шапағатов. 

Департамент басшысы атап өткендей, қазіргі таңда облыстың жеті өңірі – Қосшы қаласы, Целиноград, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Ерейментау, Сандықтау аудандары су басу қаупі жоғары орташа деңгейге ауыстырылған. 

Жалпы, облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы облыстық және өңірлік су тасқынына қарсы жедел штабтардың, жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау органдарының және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тәулік бойы бақылауында. Су тасқыны қаупінің жойылуына байланысты Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандары және Степногор, Көкшетау қалаларында су тасқынына қарсы жедел штабтардың жұмысы тоқтатылды, - деп толықтырды Манарбек Шапағатов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы