Ақмола облысында жеке тұрғын үйде жарылыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысындағы жеке үйлердің бірінде газ-ауа қоспасының салдарынан жарылыс болды. 

Бұл туралы Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке сәйкес бүгін сағат 10:15-те Ақкөл қаласының кезекші пультіне жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті.

Шақырту орнына 2 техника және жеке құрамнан 7 адам дереу жіберілді.

Оқиға орнына жеткенде газ-ауа қоспасының жарылысы нәтижесінде 3 адам жеңіл дәрежелі термиялық күйік алғаны анықталды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп,  олардың бірі ауруханаға жатқызуды қажет етпегендіктен үйіне жіберілген, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ өрт салдарынан жалпы ауданы 7 шаршы метр қазандықтың құрылыс конструкциялары ішінара зақымдалғаны анықталды. Өрт 10 сағат 24 минутта оқшауланып, 10 сағат 29 минутта сөндірілді.

Алдын ала ақпарат бойынша газ-ауа қоспасы жарылысына газ баллонын жылыту пешінің жанына қою себеп болған.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы