Ақмола облысында жас дәрігерлерге 2,5 млн теңге көтермеақы беріледі
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жас дәрігерлерге 2,5 млн теңгеден көтермеақы беріледі. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде медицина кадрларын ынталандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдануда.
Мемлекеттік мекемелердегі дәрігерлердің орташа жалақысы қалада 531 мың теңге, ауылдық жерлерде 439 мың теңгеге дейін, оның ішінде орта медицина қызметкерлерінікі қалада 224 мың, ауылдарда 263 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілген: тұрғын үйді жалға алу, балабақшалардағы балаларға орын бөлу және отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру, – дейді Нариман Сыздықов.
Соңғы үш жылда дәрігер кадрларының тапшылығы облыс бойынша екі есеге төмендеді. Алайда, бүгінгі күні тағы 244 дәрігер қажет: 156 -ы қалада және 88-і ауылда.
Өңірде 35 жалпы практика дәрігері, 13 терапевт, 21 акушер-гинеколог, 23 анестезиолог-реаниматолог, 18 педиатр, үш психиатр, 9 офтальмолог, 10 оториноларинголог, 12 неонатолог, бір радиолог және басқа да мамандар жетіспейді,– деп бөлісті басқарма басшысы.
Оның хабарлауынша, Ақмола облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен жас мамандарға төленетін көтермеақы сомасы едәуір артты.
Аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 млн теңгеге дейін және ауылдық жерлерде 2,5 млн теңгеге дейін көбейді. Мысалы, ерлі-зайыпты дәрігерлер ауылға келсе, олардың әрқайсысы 2,5 млн теңгеден көтерме ақы алады. Ал өткен жылы 20 медицина қызметкеріне 1 млн теңгеден берілді. Сондай-ақ, жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік қолдау көрсетілед. 4,6 млн теңге ауылдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау мамандарына 15 жыл мерзімге беріледі, – деді Нарман Сыздықов.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы өңірде 54 жас маман баспанамен қамтамасыз етілген. Көкшетауда медицина қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлі үй салынды. Егіндікөл ауданында медициналық қызметкерлерге арналған 8 орындық жатақханада күрделі жөндеу жүргізілді, Атбасар ауданында ғимараттардың бірі 30 орындық жатақханаға қайта бейінделді. Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл жұмыс жалғасуда. Алайда облыстағы медицина қызметкерлері үшін тұрғын үйге деген қажеттілік әлі де жоғары.
Жыл сайын өңірде резидентураға, сондай-ақ «жалпы медицина» мамандығы бойынша және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша оқуға гранттар бөлінеді. Бүгінгі таңда бюджет қаражаты есебінен 206 болашақ жас маман білім алуда.
Соған қарамастан өңірде 244 дәрігер жетіспейді. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов медициналық жоғары оқу орындарының студенттерін жұмысқа шақырды.
Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін Ақмола өңірінің медициналық ұйымдарына жұмысқа шақырғым келеді. Соңғы екі жылда пандемия кезінде мыңдаған дәрігерлер пациенттердің өмірі үшін күресіп, дәрігердің қоғамдағы ерекше орнын тағы бір рет растады. Сіздердің алдарыңызда заманауи технологиялар мен тәжірибелерді енгізу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіру міндеті тұр, – деді басқарма басшысы.