Кеше 2026, 08:54 Фото: Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі

Ақмола облысында заңсыз қоқыс төгудің 28 мыңға жуық фактісі анықталды

Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 95 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ақмола облысында соңғы екі жылда рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгу және құрылыс қалдықтарын заңсыз шығару бойынша 28 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады.

Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 95 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Заңсыз қоқыс төгу деректерін анықтау және бақылауды күшейту мақсатында облыс аумағында 189 мобильді топ құрылған. Олардың құрамында 490 полиция қызметкері жұмыс істейді. Мамандар күн сайын рейд жүргізіп, елді мекендер мен ауыл-аймақтардың шетінде орналасқан проблемалық аумақтарды тексеруде.

Полиция мәліметінше, сұйық қалдықтарды заңсыз төгу фактілеріне ерекше назар аударылып отыр. Соңғы екі жыл ішінде арнайы полигондардан тыс жерлерге лас су төккен 83 ассенизаторлық көлік иесі анықталған.

Сонымен қатар қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын заңсыз шығарған 69 ауыр жүк көлігінің қызметі тоқтатылды. Экологиялық талаптарды сақтамай қоқыс тасымалдаған 19 тасымалдаушы да жауапкершілікке тартылған.

Тек биылғы жылдың басынан бері өңірде 4 мыңға жуық заңбұзушылық тіркелген.