Ақмола облысында спорт мектебіндегі 18 бала ішек инфекциясын жұқтырды
Ақмола облысының Уәлиев атындағы "Жақсы №2" спорт мектебінде 18 балада бактериялық ішек инфекциясы анықталды. Бұл туралы Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта ведомство тарапынан эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы ("Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл бап айыппұлдан бастап екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Барлық науқастарға қажетті медициналық көмек уақтылы көрсетілді. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады, – делінген ресми хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алты бала "Авиценна-Бурабай" клиникасына жеткізілген. Оларда құсу, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған. Тағы төрт бала көпсалалы облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жатқызылды. Жаттықтырушылар мен ата-аналар дәрігерлермен үнемі байланыста.
Аталған жағдайға байланысты спорттық ойындар уақытша тоқтатылды. Жағдай тұрақталған соң балалар үйлеріне қайтарылады деп жоспарланып отыр.