Ақмола облысында қоқысты сұрыптау қолға алынады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қоршаған ортаны қорғау үшін тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату – өзекті мәселелердің бірі. Өңірде қайта өңдеуге жататын қайталама шикізатты сұрыптау жобасы қолға алынады. 

Amanat партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес төрайымы Мәриям Әбішеваның айтуынша, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен «LS Kokshetau» ЖШС «Eco Pack Astana» ЖШС сияқты кәсіпорындар айналысады.

Өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыру маңызды бағыт болып табылады. Өткен жылы қоғамдық экологиялық кеңес  ӨКМ операторы ЖШС-мен Көкшетау, Қосшы қалалары, Бурабай, Зеренді, Целиноград, Ақкөл аудандары үшін бөлек жинау контейнерлері, қоқыс тасығыштар және сұрыптау желілері түрінде материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша ынтымақтастыққа бастамашылық жасады. Органикалық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жол карталарына қол қойылды. Бұл бастама облыс әкімдігі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі,  «Жасыл Даму» АҚ және француз тарапы – syctom концерні арасында қол қойылған меморандум нәтижесінде жүзеге асырылуда. Мамандар техникалық-экономикалық негіздемеге зерттеу жұмыстарын жүргізді, – дейді Мәриям Әбішева.

Ақкөл ауданының әкімі Юрий Курушиннің айтуынша, органикалық қалдықтардың пайда болу көздері, оларды бөлек жинауға арналған сыйымдылықтар мен өңдеу жабдығына жеткізуге арналған арнайы техника саны анықталды. 

Жоба шеңберінде Ақкөл қаласында қайта өңдеуге жататын қайталама шикізат (пластмасса, қағаз, картон, шыны, металл), органикалық-тамақ қалдықтары, жапырақтар, сүрек және өзге де қалдықтарды өлшем шарттары бойынша бөлек жинау және сұрыптау енгізу көзделіп отыр. Есептеулер бойынша құрғақ қоқыс үшін 91, органикалық заттар үшін 364 евроконтейнер орнату қажет болады. Жиналған қалдықтарды сұрыптау желісіне арнайы машина жеткізеді. Сондай-ақ қоқыстан органикалық тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын компост алу да жоспарланып отыр. Жобада қажетті техника мен жабдықтар сатып көзделген.  Жеткізуші француз тарапы болып табылады,– дейді аудан әкімі.

Бұл жұмыс Қосшыда да ілгерілеп келеді. Қала әкімі Ғайдар Қасеновтың айтуынша, Тайтөбе ауылындағы апатты қоқысты жою үшін қаражат бөлінді. Қатты тұрмысты қалдықтарды жинау және шығару тарифі әзірленді. Облыстық бюджеттен 70 контейнер алаңын орнатуға қаржы бағытталды. Сонымен қатар, билік сұрыптау желісіне жер телімін бөлді.

Жобаға Бурабай ауданының қатысуы кездейсоқтық емес – республикалық маңызы бар курорттық аймақ тазалықтың үлгісі болуы тиіс. 10 елді мекенде стихиялық қоқыс тастайтын жерлер анықталып, 17 жер телімі ҚТҚ полигоны болып рәсімделді. 

Бурабай кентінде және төрт елді мекенде бұл мүмкін емес, өйткені олар «Бурабай» МҰТП аумағында орналасқан. Щучинск қаласындағы полигонның жұмысына қатысты мәселе өткір тұр, жаңасын салу үшін ТЭН әзірленді, – деп хабарлады Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев.

Көкшетаудағы өзекті мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтар үшін заңды полигонның болмауы. Біріншісі Көкшетау-Омбы автожолының сегізінші шақырымында, екіншісі Элита кенті ауданында рұқсат құжаттарының жоқтығынан жұмыс істемейді. Қоқыс уақытша Омбы тас жолының аумағында жиналады. Қалалық әкімдік Зеренді ауданында жер телімін бөлу мәселесі бойынша жұмыс жүргізуде . Контейнерлік алаңдар бойынша 238 түгендеу жүргізілді, бірінші кезеңде 100 техқұжат тіркелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы