Ақмола облысында пияз қымбаттауы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында қырыққабат пен картоп бағасы төмендеп, күріш, айран және пияз бағасы біршама өскені байқалады.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, жалпы, облыста 2,1 мың тонна көлемінде тауар қоры құрылды, оның ішінде тұрақтандыру қорында - 1247 тонна, «айналым схемасы» бойынша - 874 тонна.
Жыл басынан бері тұрақтандыру қорының ресурстарынан 329 млн теңгеге 1074 тонна тауар сатылды. «Айналым схемасы» бойынша азық-түлік тауарларының 9 түрі бойынша 1,4 млрд теңгеге қарыздар берілді. Жаңа шарттар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Соңғы бірер аптада өңірде қырыққабат пен картоп бағасы төмендеп, күріш, айран және пияз бағасы біршама өскені байқалады. Сол себепті, бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорына 272 тонна күріш сатып алынды, ол 29 сауда нүктесінде сатылады.
«Айналым схемасы» аясында «Гормолзавод» ЖШС-мен литріне 318 теңге бағамен 48 тонна айран жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемматрезерв төрағасымен жеміс-көкөніс өнімдерін, оның ішінде ай сайын шамамен 400 тонна көлемінде пияз жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, тәжік өнімдерінің алғашқы партиялары іске асырылды.
Күн сайын Көкшетау қаласындағы дүкендерге 200-400 кг қант жеткізіледі. Мемлекет үшін бұл айтарлықтай үлкен көлем. Кейбір дүкендерде тоннаға дейінгі көлемде қант сатылады. Көтерме бағасы әлеуметтік дүкендерде 430 теңге. Ал, үй маңындағы дүкендерде бағалар 950 теңгеге дейін барады. Түсіндірме жұмыстарынан кейін бизнес субъектілері қантқа арналған сауда үстемесін 10-12 пайызға дейін төмендетті. Белгіленген заңдар бойынша баға үстемесін шамадан тыс көтерген жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болады, - деп түсіндірді Ақмола облысының Сауда департаментінің басшысы Қайыржан Оңғаров.