Ақмола облысында Наурыз мейрамы қарсаңында 1 мыңнан астам шара өтеді

Биыл Ақмола облысында Наурыз мерекесі ерекше нақышта аталып өтіледі, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыс бойынша Наурыз мейрамы қарсаңында 1 мыңнан астам мерекелік іс-шаралар өтеді.

Көрісу күні Ақмола облысы мәдениет басқармасының Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының шығармашылық қызметкерлері №3 автобус маршрутында қала тұрғындарына өз құттықтауларын жолдады.

Автобус жолаушыларына Наурыз мерекесінің шығу тарихынын айтып, буклеттер таратып, ән-шашу арнады. Көктемгі Наурыз мерекесіне арналған әдемі әндер шырқалып, керемет көңіл-күй орнады. Көлік жолаушылары қазақ әндерін жүргізушілермен бірге орындады.

Мерекелік онкүндікте сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен кездесу, шеберлік сыныптарын өткізу, ұлттық ойындар ұйымдастыру, сұлулық байқаулары, көшпелі концерттік бағдарламалар, қылқалам шеберлерінің байқауы, зияткерлік сайысы, қайырымдылық акциясы, ұлттық киімдер челленджін өткізу жоспарланған. Қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, қолданбалы шығармашылығын насихаттау мақсатында Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығымен «Ата – әулеттің тірегі, әже –ұрпақтың жүрегі» атты облыстық фестиваль-байқауы ұйымдастырылады, - дейді облыстық мәдениет басқармасының бөлім жетекшісі Дина Бейсембаева.

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сандықтағы музей» жобасының тұсаукесерін ұсынады. Жоба аясында музей қызметкерлері жыл төңірегінде қаламыздың мекемелері мен кәсіпорындарына шығып, сандықтағы жәдігерлердің тарихы жайлы ақпарат береді. 

Халық қолөнерін дәріптеу, оны көпшілік арасында өзекті ету және қолөнер шеберлеріне тәжірибе алмасу және дағдыларымен бөлісу үшін алаң ұйымдастыру мақсатында Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұйымдастыруымен «РИО» сауда ойын-сауық орталығында қала тұрғындары назарына «Наурыз кестелері» атты ұлттық шеберлер көрмесі өтеді. Көрме аясында жергілікті қолөнершілердің қолымен жасаған құрақ-көрпе, ағаш, тері бұйымдары көпшілік назарына ұсынылады. Кішкентай көрермендер назарына облыстық театрларлардың  бірнеше сахналық алаңдарда Наурыз мейрамына орай ойын-сауық шоу-бағдарламалары ұсынылады, - деп атап өтті Дина Уақытқызы. 

21 наурыз күні «Абылай хан» алаңында Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарын облыстың үздік көркемөнерпаздар ұжымдары, би ансамблдері, театр әртістерінің қатысуымен өтетін «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты ауқымды театрландырылған қойылым ұсынылмақ . 

Тұңғыш рет Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Көшпелі өркениет фестивалі» мен «Қолөнершілер фестивалі» өтеді. Іс-шаралар аясында қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. 

22 наурыз күні Әдебиет және өнер музейі «Наурыз. Қазақстан. Жаңару!» атты «Қазақстан» телеарнасының жалпыұлттық онлайн-марафонына қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Көкшетау қалалық кітапханасы
Өзгелердің жаңалығы