Ақмола облысында мектептерге тарихи тұлғалардың есімі беріледі
Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты ономастика бөлімінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлады BAQ.KZ.
Мәселен, Көкшетау қаласындағы № 19 мектеп енді Абылай хан атындағы мектеп деп аталса, Аршалы ауылдық №2 орта мектебі әл-Фараби боп өзгереді. Сондай-ақ аймақтағы тағы бірнеше білім ошағына Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы мен Ыбырай Алтынсариннің есімдері қойылады. Одан бөлек, өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен атауларын қайта атау жұмысы басталды.
Жалпы осы жылы 20 ауылдың аты өзгереді деген жоспар бар. Ал алдағы 5 жылдың ішінде 100-ден астам мекенге тарихи атауы қайтарылмақ. Айта кетейін, үш жылдық мараторийден кейін жақында ғана облыстық ономастика комиссиясының алғашқы отырысы өтті.
Ол жерде 9 елді мекен мен 3 ауылдық округті қайта атау мәселесі қарастырылды, оң шешім тапты. Оның ішінде Ерейментау ауданының Новомарковка елді мекені Майлан ауылы болып өзгеретін болды. Целиноград ауданы Приречное ауылы Ақжар ауылы болып өзгеретін болды. Және тағы бір қуанышты жағдай, ол мынау Сандықтау ауданы, яғни өзге ұлт өкілдері көп тұратын Веселое ауылының Байдалы және бір ауыл Маралды болып қайта аталатын болды, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы бөлімінің бас маманы Әсем Жұмағұлова.