Ақмола облысында мектеп бітіру кешінен кейін жас түлек соққыға жығылды
Ақмола облысы, Ақкөл қаласында 2025 жылдың 21 маусымында болған мектеп бітіру кеші жас түлек үшін ауыр соққымен аяқталды. 2007 жылы туған Роман Пауковты екі ересек ер адам соққыға жыққан. Бұл туралы зардап шеккен жігіттің анасы Инна Паукова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, шабуыл жасағандар – 31 жастағы А. және 23 жастағы В. есімді азаматтар. Олар мас күйде болған деп болжанады. Әйелдің айтуынша, біреуі көлікпен Романға қарай жылжып, кейін екеуі де көліктен шығып, жасөспірімді есінен танғанға дейін ұрып-соққан.
Ұрып-соғу кезінде оқиға орнына Ақкөл аудандық полиция бөлімінің қызметкері С. келді. Ол қасындағы адамдардан: «Бәрі дұрыс па?» – деп сұрады. Алайда дөрекі жауап алғаннан кейін, ұлым қанға боялып жатқанын көрсе де, ешқандай көмек көрсетпестен кетіп қалды. Кейін полицияны біз өзіміз 102 нөмірі арқылы шақырдық, – дейді жәбірленушінің анасы Инна Паукова.
Жасөспірім бас пен бет аймағынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Алайда, анасының айтуынша, шабуылдаушылар ауруханаға да келген, бұл жерде де қорқыту мен балағаттау әрекеттерін жалғастырған. Олар жәбірленушінің анасын мәлімдеме жазбауға көндіруге тырысқан.
Осы уақытқа дейін шабуыл жасағандар бостандықта жүр. Ақкөл аудандық полиция бөлімі маған істің Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркелгені туралы ешқандай ақпарат берген жоқ. Сонымен қатар, істің СДТБТ порталындағы жеке кабинетте де көрінбегеніне қарамастан, тек прокуратураға жүгінгеннен кейін ғана маған істің нөмірі берілді. Осы оқиғаға қоғам мен құзырлы органдар назар аударады деп үміттенемін. Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға, Ақмола облысының әкіміне және ҚР Президентіне істі жеке бақылауға алуға өтініш білдіремін. Біз бұл жағдайдың әрі қарайғы барысын қоғаммен бөлісуді жалғастырамыз, - деді жәбірленуші баланың анасы Инна Паукова.
Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.
2007 жылы туған Ақкөл қаласының тұрғынына қатысты бұзақылық іс-әрекет фактісі бойынша ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс өтініш жасалған күні қозғалды. Қақтығыстың барлық қатысушылары бірден анықталып, жауап алынды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде оқиғаның мән-жайы анықталады. Аталған қылмыстық істі тергеу Ақмола облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, - делінген ПД хабарламасында.