Ақмола облысында мас жүргізуші жол апатынан кейін ер адамды бұрауышпен қорқытқан
Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Ақмола облысының Ерейментау қаласында полицейлер жол-көлік оқиғасынан кейін екінші жүргізушіге бұрауышпен қоқан-лоқы көрсеткен 43 жастағы ер адамға қатысты екі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұдан бөлек, оның көлікті мас күйде басқарғаны анықталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Абылай хан көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ВАЗ-2107 және Toyota Camry көліктері соқтығысқан. Апаттан кейін ВАЗ жүргізушісі көліктен түсіп, қолына бұрауыш алып, екінші жүргізушіге күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Зардап шеккен азамат полицияға жүгінген. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары 43 жастағы ер адамның мас күйде болғанын анықтады.
Сондай-ақ оның бұған дейін де мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Оқиғаға байланысты қоқан-лоқы көрсету және бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған адамның мас күйде көлік құралын қайта басқаруы фактілері бойынша екі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.