3 Тамыз 2026, 20:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Ақмола облысында күнбағыспен суретке түскен 25 жүргізушіге айыппұл салынды

Полиция қызметкерлері әсерлі суреттер үшін өмірді қауіпке тікпеуге шақырды.

Ақмола облысындағы тасжолда күнбағыспен суретке түскен 25 жүргізушіге айыппұл салынды.

«Астана - Щучинск» автожолының бойындағы гүлдеп тұрған күнбағыс алқаптары жүргізушілердің назарын аударуда. Олар әдемі суреттер үшін жол жүрісі ережелерінің талаптарын бұзуда.

Ақмола облыстық ПД аталған учаске жүйрік автобан екенін және бұл жерде тоқтауға болмайтынын ескертті.

«Мұнда барлық қажетті жол белгілері, соның ішінде «Тоқтауға тыйым салынады» деген белгі орнатылған. Сондай-ақ тиісті жол сызықтары сызылған. Күнбағыс гүлдей бастағаннан бері патрульдік полиция қызметкерлері жол белгілерінің талаптарын елемеген 25-ке жуық жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты», – деді өңірлік ПД патрульдік полиция батальоны 2-взвод командирінің міндетін атқарушы, полиция капитаны Ербол Дүйсетай.

Полицияда үлкен автожолда тоқтау жол қозғалысы қауіпсіздігіне шынайы қауіп төндіретінін атап өтті. Тәртіп сақшылары азаматтарды өмірлерін қатерге тікпеуге және әсерлі суреттер үшін автобанда тоқтамауға шақырды.