Бүгiн 2026, 11:14 Фото: shutterstock.com

Ақмола облысында кене энцефалитінің төрт дерегі тіркелді

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде 500-ден астам адамды кене шаққан, олардың арасында балалар да бар.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Ақмола облысында 500-ден астам адамды кене шаққан. Бұл туралы Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, биыл көктемнің ерте келуі мен қардың тез еруіне байланысты кене энцефалитінің эпидемиологиялық маусымы әдеттегіден ертерек басталған.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы облыс аумағында кене шағуынан зардап шеккен 532 адам тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 144 бала бар. 425 адам иммуноглобулинмен профилактикалық ем алды, 107 адам алған жоқ. Оның 13-і медициналық көмекке кеш жүгінгендіктен, екеуінде медициналық қарсы көрсетілім болған, бесеуі екпеден бас тартқан, ал 87 жағдайда кене эндемиялық емес аумақта шаққан, – деп хабарлады ведомство.

Кене шағу деректері ең көп Көкшетауда – 155, Бурабай ауданында – 149, Сандықтау ауданында – 85, Зеренді ауданында – 47, Степногорскіде – 25, Атбасар ауданында – 20, Жарқайың ауданында – 14, Целиноград ауданында – 8 жағдай тіркелген. Сонымен қатар Астрахан, Буланды, Егіндікөл, Біржан сал, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласында бірден алтыға дейін жағдай анықталған.

Облыста кене энцефалитінің төрт жағдайы тіркеліп, науқастардың барлығы стационарда ем қабылдап жатыр.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алдын ала «кене вирусты энцефалиті» диагнозы қойылған 17 жастағы жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Белгілі болғандай, студент ата-анасына Сандықтау ауданына барған кезде оны кене шаққан. Ол жәндікті өз бетінше алып тастап, жойып жіберген және дәрігер көмегіне жүгінбеген. Кейін оның жағдайы күрт нашарлаған.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, ес деңгейінің бұзылуы байқалады. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында барлық қажетті тексеру мен ем жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады басқарма.

Санитариялық дәрігерлердің айтуынша, Сандықтау ауданы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақ саналады. Мұнда жыл сайын жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Облыста кене шаққаннан кейін шұғыл иммундау үшін кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин және вакцина қоры бар екені айтылды.