Ақмола облысында ерекше балалар саны көбейіп жатыр
Ақмола облысында ерекше балалар саны көбеюде. Сол себепті өңірдің әр ауданында иклюзивті білім беру кабинеттерін ашу көзделіп отыр. Бұл туралы ерекше балалармен жұмыс істейтін ата-аналар, мамандар және педагогтарға арналған облыстық конференцияда айтылды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, «Инклюзивті ата-аналар» қауымдастығының негізін қалаушы Махаббат Қасенова ұйымдастырды.
Сегіз жасар Полинаның анасы қызы кішкентай кезінде мінез-құлқының өзгергенін байқаған. Полина аяқтың ұшымен жүре бастады, есіміне жауап бермеді. Ата-анасы оның қайталана беретін қимылдарын мазасыздықпен байқады. Қыз мультфильмдер, кітаптарды жақсы көрді, үлкен әпкесімен және ересектермен ешқандай байланыста болмады. Мұның бәрі «аутизм» диагнозын қойған мамандарға жүгінуге себеп болды.
7 жасар Романның анасы ұзақ уақыт бойы дәрігерлер қателесті деп үміттенген.
Аспан бір сәтке төңкеріліп түскендей әсерде болдым. Диагноз Астана қаласының оңалту орталығында қойылды. Содан бері отбасымыз басқаша өмір сүре бастадық. 4,5 жыл баламыз үшін күрестік. Қазірдің өзінде нәтижелер бар – ұлым сөйлей бастады. Үміт, алға жылжу байқалады, – деп еске алады ол.
Қоғамда мұндай әңгімелер көп. Әр ата-ананың өз проблемалары мен уайымдары бар. Бірақ олар үшін мемлекеттік органдардың қандай көмегі мен қолдауына сене алатынын білу маңызды.
Көптеген ата-аналар біздің мәселелеріміз сол қалпы шешілген жоқ деп санайды. Бірақ біз әр жолы жағдай өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Тек өз басыңдағы қиындықтар туралы айтудан тайсалмай, тығырықтан бірге шығудың жолын іздеуден қорықпау керек, – дейді қоғамдастық белсендісі, ерекше баланың анасы Диляра Жанбаева.
Конференцияны өткізудегі алғашқы қадам «Бірге біз күшпіз» фотосессиясы болды.
Әдетте, отбасында ерекше балаларды дамытумен аналар ғана айналысады. Біз әкелерді де тәрбие ісіне және балалармен бірге демалуға қатыстыруды жөн көрдік. Балаңыздың қуанышты сәтін бірге бөлісу қаншалықты қымбат екенін еске салғымыз келді, – дейді іс-шараны ұйымдастырушы Махаббат Қасымова.
Махаббат Мұратқызы ең үлкен проблема – қоғамда көпшілік ерекше балалар мәселесінен хабардар болмауы екенін айтады.
Аутизммен ауыратын баламен жұмыс істеудің ауыртпалығын екінің бірі түсіне бермейді. Дегенмен, ерекше балаларға деген көзқарас біртіндеп өзгеруде. Қазір көшеде оларды саусақпен нұқып, күлу тоқтады. Бірақ бәрібір көп адам ерекше балалар тек арнайы мектептерде оқуы керек деп санайды, – дейді ерекше баланың анасы.
Уақыт өзгереді. Бұрын әр отбасы өз мәселесімен өзі күрессе, қазір ата-аналар клубтарға жиналып, бір-бірін қолдайтын чаттар құрып, пайдалы кеңестер беріп, мамандарға жүгіне алады.
Диалог алаңында ата-аналар психологиялық-медициналық комиссия, облыстық білім басқармасының өкілдерімен, аутизмі бар балалармен тікелей айналысатын педагогтармен кездесті.
Ақмола облысында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Ыбыраев ерекше балалармен жұмыс істеу үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау жүйелеріне кіретін түрлі мемлекеттік органдар бірігіп жұмыс істейтінін атап өтті. Қазірдің өзінде медицинадан әлеуметтік-педагогикалық модельге көшу жоспарланған: әлеуметтену проблемалары, білім беру ұйымдарында оқу, мамандық алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі бірінші орынға қойылған.
Мектептерде инклюзия үшін жағдай жасалғанмен, одан тыс жерде бәрі басқаша. Керемет заңдар қабылданып, тамаша жағдайлар жасалса да, қоғамның көзқарасы түзелмейінше ешқандай өзгеріс болмайды. Осы ретте нақты бірлескен жұмыс қажет, - деп атап өтті Марат Өмірбайұлы.
Оның айтуынша, өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 18 жасқа дейінгі 12 389, аутизмге шалдыққан 538 балаға арналған төрт кабинет қана жұмыс істейді.
Аутист балаларды жалпы мектептер мен балабақшаларда оқыту жақсы нәтиже береді. Әрине, ол үшін арнайы мамандар қажет. Қазір педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарында болашақ педагогтар «инклюзивті білім беру негіздері» және «арнайы педагогика» сияқты пәндерді өтеді. Мыңдаған мұғалімдер мен тәрбиешілер инклюзия курстарынан өтті. Пандус орнату, арнайы дәретханаларды жабдықтау сияқты кедергісіз орта құру қиын емес. Бірақ ең алдымен ерекше балаларға қатысты кедергілер болмауы керек – олардың әрқайсысының жеке қажеттіліктері бар, – деп түсіндірді Марат Ыбыраев.
Білім беруді қамтамасыз ету үшін медициналық-психологиялық сүйемелдеу қызметінің жұмысы жетілдірілуде. Инклюзивті білім беретін 21 кабинет құрылды. Алдағы үш жылда тағы 87 кабинет ашу жоспарлануда. Әр ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейтін болады. Мамандардың шалғай ауылдарға шығуы немесе балаларды сабаққа алып келу үшін 9 кабинетті арнайы автокөлікпен жабдықтау міндеті тұр. Мәселені жыл соңына дейін шешу жоспарлануда.
Дефектолог-мұғалім Толқын Алхатова ерекше балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да көмектесу керек дейді.
Ата-аналары бізге жүгінген балалар оқумен толық қамтылған. Мектептен кейін аутист балаларды қандай болашақ күтіп тұрғаны өте маңызды. Сондықтан біз облыс орталығының құрылыс-техникалық және жоғары техникалық колледждерімен тығыз байланыстамыз. Онда ерекше балалар оқиды. Өкінішке орай, бізде де сертификатталған мамандар жетіспейді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті дефектология факультетін ашуға дайын, - деп бөлісті маман.
Мамандар бақытты ата-ана болу жолындағы сәттілік ережелері туралы айтып, жеке тәжірибелерінен практикалық кеңестер берді.
«Сұрақ-жауап» форматында спикерлер ерекше балалардың ата-аналарымен диалог өткізді.
Ата-аналар баланың тағдырына үнемі алаңдап, қобалжып, уайымдаған сәтте арт-терапияға жүгіну қажеттігін айтады психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің дефектологы Галина Завгоруль.
Сурет салу арқылы ересектер де, балалар да өздерін және өз проблемаларын сырттан көре алады. Қолда бар кез-келген заттың көмегі арқылы шығармашылықпен айналысуға болады. Ол үшін міндеті түрде арнайы орталықтарға барудың қажеті жоқ», - дейді дефектолог.
Педагог-ассистент Гүлмира Кекенова қатысушыларға АСД бар балалар үшін өзін-өзі танудағы танымдық ойынның рөлін көрсетті.
«Баланы қосымша қаржылық шығындарсыз дамытуға болады. Мысалы, әмияндағы барлық заттардан әріптер қою, кез-келген үй шаруасындағы әйелдің ас үйінде бар өнімдерді толтырып сөмкелер дайындауға болады, - деп бөлісті педагог.
Конференцияға 30-ға жуық ата-ана қатысты.
2011 жылы Қазақстанда «аутизм» диагнозы ресми түрде танылды. Егер біздің аймақ бойынша статистиканы алсақ, 8 жыл бұрын мұндай диагнозы бар балалар бірлі-жарым ғана кездесетін. Қазір олардың саны 500-ден асты, жартысынан көбі облыс орталығында тұрады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Өйткені диагностикалық тәсілдер жетілдірілуде, ата-аналар мінез-құлық бұзылуының алғашқы белгілерінде дәрігерлерге жиі жүгінеді. Ерекше баланың ата-анасы болу ұят емес, оны дамытуды шектеу болашаққа деген үмітінен айыру ұят, - деп түйіндеді облыстық инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Ыбыраев.