Ақмола облысында экологиялық таза биоотын өндіретін зауыт салынады
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Таяу уақытта Ақмола облысында Орта Азияда теңдесі жоқ зығыр сабанынан жоғары энергетикалық, экологиялық таза биоотын өндіретін зауыт пайда болады.
Жаңа құрылыстың іргетасына капсула салу рәсіміне Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен мен «Amandus Kahl» холдингінің жетекшісі Йоахим Берманн келді.
Жобаны «Armandas Star» ЖШС жүзеге асырады. Зауыт майлы зығыр сабанынан отын пеллеттерін өндіретін болады. Еліміздің егістік алқаптарында жылына екі млн тоннадан астам көлемде зығыр сабаны жағылады, не ұзақ уақыт бойы сақталады және ашық ауада шіриді. Сабанның бұл түрін тыңайтқыш ретінде қолдануға болмайды, өйткені ол қатты, жер жырту кезінде қиындық туғызады.
Жаңа жоба еш жерде қолданылмайтын шикізатты бағалы өнімге қалай айналдыруға болатындығының мысалы. Бұл – экологиялық таза, жаңартылатын энергия көзі. Ол ағаш пен көмірге балама ретінде қызмет етеді. Бүгінгі таңда бұл әлемдегі ең перспективалы бағыттардың бірі, – деп атап өтті «Amandus Kahl» холдингі жетекшісі Йоахим Берманн.
Зауыт салынатын орын кездейсоқ таңдалмады: Ақмола облысы мен СҚО-да зығырдың негізгі егіс алқаптары бар.
Жоба жетекшісі Аягөз Әбдірахманованың айтуынша, зауыт қысқа мерзімде салынып, биылғы жылдың қараша айында іске қосылады. Кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтып, жылына 70 мың тонна дайын өнім шығарады деп күтілуде.
Өнім экспортқа бағдарланған. Бізде қазірдің өзінде Дания, Германия, Англиямен жеткізілімдер туралы қол қойылған меморандумдар бар. Жақында Жапониядан да өтініштер түсті. Осы ретте жобаның экологиялық бағыттылығы маңызды екенін атап өткім келеді. Біз қоршаған ортаға СО2 шығарындыларын азайтуға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Сонымен қатар, жоба ағаш кесуді азайтуға және орман алқаптарын сақтауға көмектеседі. Біз балаларымыздың болашақта таза ауамен демалғанын қалаймыз, – деп бөлісті Аягөз Абдрахманова.
Германиядан келген делегация өкілдері кәсіпорын базасында жас кадрларды оқытудың бірлескен орталығын құру жоспарларымен бөлісті.
Соңғы 30 жыл ішінде біз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды ғана емес, сондай-ақ тығыз экономикалық ынтымақтастықты да қолдаймыз. Бүгінгі іс-шара екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың тамаша үлгісі. Біз осы бағытта одан әрі жұмыс істегіміз келеді. Іске қосылатын өндіріс Қазақстан-герман ынтымақтастығы, жаңа циклдық экономиканы енгізу үшін үлкен маңызға ие, – деп атап өтті Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен.