Ақмола облысында екі қыз бала суға батып көз жұмды
Жағалауда тұрған көлік өздігінен қозғалып кетіп, жасанды су айдынына құлаған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Ақмола облысында 8 және 12 жастағы екі қыздың өмірін қиған қайғылы оқиға болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2026 жылғы 11 шілдеде бір отбасы Целиноград ауданындағы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су айдынының жағасында түнеп демалған.
Таңертең суға шомылып шыққаннан кейін апалы-сіңлілі екі қыз киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған автокөлікке отырған.
Бір сәтте көлік күтпеген жерден өздігінен қозғалып кетіп, еңіспен төмен сырғып, суға құлаған, деп жазады Region03.
Балалардың әкесі оларды құтқаруға ұмтылғанымен, көліктің есігін аша да, терезесін сындыра да алмаған. Автокөлік аз уақыт ішінде су түбіне кетіп, қыздарды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Көліктің қандай себеппен өздігінен қозғалғаны және қайғылы оқиғаның өзге де мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.