Ақмола облысында егіс алқаптарының 70%-ы егілді
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен бірге Зеренді ауданындағы агроөнеркәсіп кешені нысандарын аралау барысында «NamysGroup» ЖШС-не барды.
Еліміздің басты аграрлық өңірінде көктемгі егіс жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде 3,8 млн гектар алқапқа жаздық дақыл себіліп, жоспардың 70%-ы орындалды.
Облыс пен министрлік басшылығына өсімдік шаруашылығы және ет бағытындағы мал шаруашылығына маманданған кәсіпорынның негізгі жұмыс бағыттары таныстырылды. Қазір «NamysGroup» ЖШС 14,5 мың гектар аумақта дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өсіріп, ет бағытындағы мал шаруашылығын да дамытып келеді.
Кәсіпорын заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған және 42 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың маңызын атап өтіп, мұндай кәсіпорындардың дамуы өңір экономикасын нығайтып, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі аграрлық саланы одан әрі жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.
Сапар барысында делегация Станционный кентіндегі «Unicorn Feed Limited» жекеменшік компаниясының құрамажем зауыты салынып жатқан алаңға да барды.
Айта кетейік, Ақмола облысында 2 мыңнан астам шаруашылық егіс жұмыстарын толық аяқтап үлгерген.