Ақмола облысында дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылуы мүмкін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Ақмола облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға өңірдің әр аймағынан келген азаматтар, қоғам белсенділері, БАҚ, спорт және турбизнес түрлері бойынша жергілікті федерациялардың өкілі, өңірдің атақты спортшылары және өзге де азаматтар қатысты.

Олимпиадаға даярлық барысында спорттық медицина мен тамақтануды қамтамасыз етуде ұлттық құрама спортшыларын даярлаудың заманауи инфрақұрылымын дамыту маңызды. Бұған қоса медициналық-биологиялық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етілуі, кешенді тексерулер мәселесі басты назарда. Осыған орай, облыста спортшыларды оңалту және сауықтыру үшін өңірлік дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу мәселесін қарастыруды орынды, - деді ол.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 40,4% немесе 8,1 млн адамды құрады. Облыста 37 мыңнан астам бала мен жасөспірімге дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалған.

Кездесуде еліміздің өңірлері арасында олимпиадалық спорт түрлері бойынша жастар құрама командаларының құрамына спорттық резервті дайындау бойынша көшбасшылардың бірі – Ақмола облысы екені айтылды. Облыста 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның 9-ы қалада, 20-сы ауылда. Өңірде 19783 бала спортпен шұғылданады.

Бұдан бөлек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен айналысатын мүгедек адамдардың саны 2 408 адамға немесе 17% жеткен.

Ақмола облысы – туристік салада еліміздің басым бағыттарының бірі. Туризм саласында қызмет көрсету бойынша өңірдің үлесі 9%-дан асады (175,7 млрд теңгенің 16,5 млрд теңгесі), мұнда елдің барлық орналастыру орындарының 9%-ға жуығы шоғырланған (республика бойынша 4009 орналастыру орнының 353-і).

2023 жылғы 3 тоқсан қорытындысы бойынша аймақ туризмінің негізгі көрсеткішінде оң динамика байқалады. Өңірге келетін туристер саны 956,7 мың адамды құрайды, оның 16 мыңға жуығы шетелдік туристер. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 3,2 мың адамға көп (9 айда 12,6 мың шетелдік саяхатшы келген).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы