Ақмола облысында дәрігер науқасты 1,5 млн теңгеге алдағаны үшін сотталды
Ақмола облысының Атбасар аудандық соты науқасты 1,5 млн теңгеге алдаған дәрігерге үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы шілдеде көпсалалы ауданаралық ауруханада терапия бөлімінің міндетін атқарушы дәрігер Р. қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққан науқасты емдеуді сылтауратып, оның туысынан ақша бопсалаған.
Дәрігер науқасты Астана қаласының №2 қалалық ауруханасына жолдаған жағдайда тегін көмек көрсетілетінін біле тұра, еріп жүрген адамнан 1,5 млн теңге талап еткен. Ол қаражатты науқасты кардиохирургиялық бөлімшеде «ақылы» емдетемін деп алдаған. Жәбірленуші дәрігердің шотына 500 мың теңге, кейін тағы 1 млн теңге аударған.
Сотта дәрігердің кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және алынған дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Үкім бойынша, сотталушы екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді және үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.