Ақмола облысында балықтардың қырылу себебі анықталды
Бурабайдағы балықтардың қырылуына не себеп болғаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Экологтардың мәліметінше, бұған табиғи факторлар сеп болуы мүмкін. Олай деуге судағы тұз, фторид және биохимиялық оттегі мөлшерінің қалыпты шамадан артық болуы дәлел. Алайда, мұның бәрі табиғи сипатқа ие. Су қоймасы қандай да бір сыртқы фактордың әсерінен ластанбағанын айтады.
Балық қырылған аумақта антропогендік әсер анықталған жоқ. Оның үстіне ол маңайда өнеркәсіптік кәсіпорындар жоқ, – делінген Ақмола облыстық Экология департаментінің тексеру қорытындысында.
Су жәндіктерінің өлекселеріне зерттеу жүргізген республикалық Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығының өкілдері де олардан ешқандай ауру белгілері анықталмағанын айтады. Мамандар, балықтардың су түбінен бөлінген табиғи газдан өлуі мүмкін деген ортақ қорытынды жасады. Бұл балдырлардың гүлдеуі кезінде болатын құбылыс.
Айта кетейік, 12-тамызда «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің инспекторлары Үлкен Шабақты көлінде балықтардың қырылғанын анықтаған. Бір аптада жағалаудан 250 келі балық өлексесі жиналды.