Ақмола облысында ауыл туризмін дамыту қолға алынып жатыр
Өңірдегі табиғаты бай өлкенің бірі – Біржан сал ауданында ауыл туризмін дамыту қолға алынуда, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүркітті тауының етегіндегі Жөкей көлінің жағасында демалушылар үшін демалыс үйлері салынып, жолдар жөнделуде.
Жөкей көлінің маңындағы Үлгілі ауылдық округінде бұрынғы пионер лагерінің аумағында «Berkutty» отбасылық демалыс базасында «Lingvo Camp» тіл үйрету лагері ашылды.
Бүгінде лагерь 70 демалушыны қабылдай алады: 10 күнге 170 мың теңгелік жолдама құнына күніне бес рет тамақтану, тауда серуендеу, бассейн кіреді. Күніне үш сағат ағылшын тілі курсын Кениядан келген шетелдік педагогтар жүргізеді, «Nazarbayev University» қызметкерлері Дейстар мен Томас балаларға сабақ береді.
Лагерь директоры Ботагөз Бекенованың айтуынша, балалар үшін барлық жағдай жасалған: бөлмелер таза, үлкен асхана, фитнес-зал жабдықталған, балаларды лагерьден тыс жерге шығармау үшін бассейн салу жоспарлануда.
«Қыста барлық сантехниканы толығымен ауыстырдық. Кереуеттерді жаңарттық, жаңа төсек-орын сатып алдық. Балалар лагерь өміріне тез бейімделеді. Бастапқы кезде үйлерін сағынғанмен, кейін бір-біріне үйренісіп кетеді. «Думан» жасағының тәлімгерлері балалармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Біз 10 жұмыс орнын құрдық, сонымен қатар, күн сайын учаскелік инспектор құқықтық тәртіпті тексереді», - дейді Ботагөз Сартайқызы.
Мұнда Қарағанды, Атырау, Ақтау қалаларымен қатар, Кипрден ұшып келген балалар да демалуда.
«Мен өзімді достар үлкен бір отбасында жүргендей сезінемін. Асханадағы дәмді үй тағамдары, кең аумақ – бәрі-бәрі тынысыңды ашады. «Думан» жасағының тәлімгерлеріне де алғыс айтамын, – деп бөлісті астаналық Сәнді Танбай.
Алдағы уақытта лагерь жыл бойы жұмыс істейтін болады, бұл үшін жаңа екі қабатты ғимарат салынады.
«Мұнда микроклимат ерекше, балалар 70 метр тереңдіктен көтерілетін ағзаға пайдалы су ішеді. Келген оқушылар лагерь аумағында ертегідегідей табиғаттың өзі өзгеше сезім сыйлайтынын айтады», - деп бөлісті Үлгілі ауылдық округінің әкімі Рысжан Әбжанова.
Жөкей көлінің жағасынан 300 метр қашықтықта, жергілікті тұрғындар мен қонақтар арасында кеңінен танымал «Nurray» демалыс аймағы орналасқан.
«Ауылда туризмді дамытуға үлес қосуды мақсат еттім. 14 заманауи жазғы тентхаус орнатылды. Сауықтыру орталығы – үш қабатты қонақ үй кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Ресейдің Челябі облысында бизнестің осы бағытын терең зерттедік. Ашық ауада бассейн, сондай-ақ қысқы жабық бассейн салуды жоспарланды, аумақты абаттандырып, көгалдандырамыз. Менің ойымша, ең бастысы, орман аймағына зиян келтірмеу, өрт және экологиялық қауіпсіздікті сақтау. Адамдар үшін жағдай жасауға тырысамыз, баға қолжетімді болады», - дейді демалыс базасының директоры Жәнібек Баймұратов.
Кәсіпкер болашақта агротуризмді дамытумен айналысуды және жыл бойы жұмыс істеуді көздеп отыр. Жобаға 300 млн теңге жеке инвестиция салынған.
«Орбита-Жөкей» глампингі келушілердің сөзсіз қызықтырады. Панорамалық терезелері бар сфера тәрізді күмбезді шатырлар орман ішінде орналасқан. Сатурн, Меркурий, Венера, Юпитер атауларына ие. Олардың төртеуі қонақтарды жыл бойы қабылдайды. 25 отбасылық орынға арналған глампинг екі жылдан бері жұмыс істейді.
«Бізге балалары бар ерлі-зайыптылар, Қазақстанның түрлі қалаларынан, сондай-ақ Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербургтен жастар, шетелдік қонақтар келеді», - деп бөлісті глампинг әкімшісі.
Мұнда өз өнімдеріңізді ала келіп, қалауыңыз бойынша тағам дайындай аласыз. Ол үшін барбекюге арналған орын мен аймақ арнайы жабдықталған, ұңғымадан таза су беріледі.
Егер үйде дайындалған тағамнан дәм татқыңыз келсе, «Орбитадан» келген туристер жақын жерде орналасқан «Ақ Жол» қонақ үйіне барады. 2021 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істейтін қонақ үй дәмді үй тағамдары бар жол бойындағы қызметті дамытуға маманданған.
«Біз жыл бойы жұмыс істейміз. Демалушылар еліміздің барлық өңірлерінен келеді. Көл де жақын, келушілер балық аулап, орманда серуендеуді, жидек теріп, саңырауқұлақ жинағанды ұнатады», - дейді қонақ үй қызметкерлері.
«Орман және жұлдыздар» глампингін үш жыл бұрын ерлі-зайыпты Айнұр мен Қанат Жікібаевтар ашты.
«Пандемиядан кейін саяжай сатып алуды шештік. Тұмса табиғатты бізді таңғалдырды. Туризмді дамытуға арналған вебинарларға қатыстық. Бизнесті дамытуға мемлекет қолдау көрсетті. «Даму» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несие алдық. Маусымдық жұмыс үшін 30-дан астам жұмыс орнын құрдық», - деп қосты Айнұр Жікібаева.
Алғашқы жылы кәсіпкерлер 10 тентхаус орнатты, екі жыл ішінде тағы сегізі қосылды. Бірнеше кабиналары мен душтары бар үлкен жуынатын бөлме жабдықталды. Жақын жерде А-фрейм стиліндегі жайлы үйлерде келушілер үшін барлық жағдай жасалған.
«Бізге әр жастағы демалушылар келеді. Балық аулауды ұнататындар отбасыларын балаларымен демалыс аймағында қалдырады, ал өздері көлге барып, тек таңғы асқа оралады. Әрине, бизнес инвестициямен қатар, көп күшті қажет етеді. Шынында да, қазақстандықтар негізінен Бурабайда саяхаттауға дағдыланған. Бірақ өз өлкемізде тұрып жатқандардың өзі біздің ауданда осындай тамаша демалыс орны бар екенін біле бермейді», – дейді Айнұр Жікібаева.
Учаске орманға жақын орналасқан, ал жақын жерде республикалық трасса бар, ол қыс бойы ашық болады.
«Жыл бойы қызмет көрсетуге көштік. Иемлекеттен бизнесті дамытуға грант алдық және бес қысқы үй салынды. Өйткені біздің ауданда жаз мезгілі қысқа. Алдағы уақытта панорамалық терезелері бар сфера салу жоспарымыз бар», - дейді кәсіпкер Қанат Жікібаев.
«Нұралина ЖК» демалыс базасында этноауыл ашу жоспарлануда. Әзірге құрылыс жұмыстары жалғасуда.
«Бұрын бұл жерде балалар лагері болды. Екі жыл ішінде кәсіпкерлер бизнеске 300 млн қаражат салды. Қазір қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін құрылыстар бой көтеруде. Екі киіз үй, ойын алаңы, монша, салынды, жатын корпустар салынды. Қыста келушілерге атпен серуендеу ұсынылады. Қазір аспаздар диеталық тамақ әзірлеуге дайындалуда. Кешен қызметкерлері үшін жұмыс орындары ашылады, әзірге мұнда 12 адам жұмыс істейді. Жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде», - деп түсіндірді Зауралов ауылдық округінің әкімі Руслан Әбдікенов.
Табиғаты сұлу өлкеге туристердің қызығушылығы арта түсуде. Жұмыс істеп тұрған демалыс базаларында орындар бір ай бұрын брондалған. Бұл жақын арада облыс картасында Бурабайдан бөлек тағы бір көз тартар өңір пайда болатынын білдіреді.