15 Тамыз 2026, 23:23 Фото: ТЖМ телеграм каналы

Ақмола облысында "Ауыл құтқарушылары" ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

Жаңа бекет екі елді мекендегі шамамен 1,5 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Златополье ауылында "Ауыл құтқарушылары" 237-ші ерікті өртке қарсы құралымы жұмысын бастады.
 
Жаңа бекет екі елді мекендегі шамамен 1,5 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ерікті өрт сөндіру бекеті арнайы дайындықтан өткен мамандармен жасақталған. Құрам тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайын.

Бекетті қажетті техника және құрал-жабдықтармен Төтенше жағдайлар министрлігі қамтамасыз етті. Оның құрамына өрт сөндіру автоцистернасы, арнайы киім-кешек, байланыс құралдары және өрт сөндіруге қажетті жабдықтар кіреді.

Еріктілерді дайындауды Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жүргізді. Оқу-жаттығу барысында олар өрт сөндіру техникасы мен құралдарын пайдалану, өртті сөндіру тактикасы және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібі бойынша білім алды.

Жаңа құралымның негізгі міндеті – өрт шыққан жағдайда оқиға орнына қысқа мерзімде жетіп, өртті бастапқы кезеңде оқшаулау. Бұл мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, ауылдық жерлерде ерікті өртке қарсы құралымдардың болуы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.