Ақмола облысында 177 ауыл ауызсумен қамтамасыз етілмек
Ақмола облысында 2025 жылға дейін 177 ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілмек. Аталған мақсатта 68 ауылда су құбыры желілерінің құрылысы басталып, бүгінде 30 ауылда жобалық-сметалық құжаттамалар аяқталып қалған. Қалған ауылдарда құжаттар әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, тағы 72 ауылда сумен қамту үшін арнайы кешенді блок-модульдар орнатылады. Ал 37 ауылға сүзгілі ұңғымалар қазылып, су беру бекеттері қойылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Шалғай жатқан ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыру жоспарланыпты. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаға сәйкес 2025 жылға дейін барлық қазақстандықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Бүгінгі күнгі деректер бойынша, Ақмола облысы қалаларында тұрғындардың 95,3 пайызы қамтамасыз етілсе, ауылды жерлердегі тұрғындардың қамтылуы 89,3 пайызға жеткен.
Тиісті ведомстволар ұсынған деректерге сенсек, қалаларды ауызсумен қамтудың жоспардағы көрсеткішіне құны 3,6 миллиард теңгеге бағаланған 3 жоба аясында қол жеткізіліп отыр. Жобаны аяқтау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат бөлінген. Ауылды елді мекендердегі сумен қамтасыз ету көрсеткіші 89,7 пайызға көтерілген.
Жыл соңына дейін аталған көрсеткіш 4,4 миллиард теңгеге бағаланған 10 жобаны жүзеге асыру есебінен қол жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, тағы 6,5 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жобаларды аяқтау үшін биыл 2 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар ауыл халқын сумен қамтуды қамтамасыз ету үшін 13 жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Атап айтқанда, 6 нысанның құрылысы салынса, жетеуі қайта жаңғыртудан өтеді. Аталған жобалар осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.
Ведомство мәліметінше, өңірдің 18 елді мекенінде жерасты су қорының қаншалықты көлемде екенін анықтау мақсатында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған мақсатқа бюджет қоржынынан 370,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Биыл бұл жобалардың бесеуі аяқталса, келер жылы тағы 13 ауылда жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.
Басқарма басшысы жоспарланған 177 ауылды 2025 жылға дейін ауызсумен қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарды атап өтті.
68 ауылда сумен қамту желілері салынады. Қазір 30 ауылда жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Биылғы жылдың соңына дейін 5, ал 2023 жылы – 18, ал 2024 жылы тағы 15 ауылда жобалық құжаттамалар аяқталмақ. 37 ауылда су беру бекеттері орнатылып, сүзгілі ұңғымалар қазылады. Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігі «Көкшетау қаласында су құбырын тазарту қондырғыларын кеңейту және жаңғырту» атты жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Мердігер болып Саspiаn Соntractors Тгust компаниясы анықталды. Жобаға сәйкес, суды залалсыздандыру контейнерлерде сұйық хлорды қолданып іске асыру қарастырылған. Жоба жүзеге асырылса, Көкшетау тұрғындарын толығымен қажетті мөлшерде сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру 2024 жылға жоспарланып отыр, – деп толықтырды Данияр Қуанышбаев.