Кеше 2026, 23:55
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Ақмола облысында 166-шы "Ауыл құтқарушылары" өрт сөндіру пункті ашылды
Пунктте еріктілер тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Ақмола облысы Атбасар ауданының Шуйское ауылында ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа нысан Шуйское және Макеевка ауылдарын қамтитын, 840-тан астам тұрғыны бар ауылдық округті өрттен қорғауға мүмкіндік береді.
Пунктте еріктілер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Олардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру пунктін арнайы техникамен, автоцистернамен, өрт-техникалық жабдықтармен, жауынгерлік киіммен және байланыс құралдарымен қамтамасыз еткен.
Өрт сөндіру пункті жергілікті атқарушы органдардың қаржысына салынған. Ал оның әрі қарай жұмыс істеуі мен күтімі «Шуйское-ХХІ» ЖШС шаруа қожалығының қолдауымен жүзеге асырылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.