Ақмола облысында 15 мыңнан астам балаға әлеуметтік қолдау көрсетіледі

Облыс бойынша жалпыға міндетті оқу қорынан 15 мыңнан астам оқушыға қолдау көрсетіледі. Ал 1 сынып оқушылары мектеп асханаларында тегін тамақтанатын болады, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ  тілшісі.

Қазіргі уақытта «Мектепке жол» республикалық акциясын өткізуге қызу дайындық жүріп жатыр. Аз қамтылған отбасылар санатындағы оқушыларды әлеуметтік қолдау туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов айтып берді.

«Жаңа оқу жылында 546 білім ордасында 130 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Олардың 15 мыңнан астамы жалпыға міндетті оқу қорынан қолдауға ие болады. Барлық бірінші сынып оқушылары үшін тегін тамақтану ұйымдастырылады. 2022 жылға арналған облыстық бюджетте осы мақсаттарға 2,5 миллиард теңге сомасында, оның ішінде мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін 700 миллионға жуық қаражат қарастырылған», – деп түсіндірді Валерий Гамазов.

Елімізде аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға көмек көлемін жергілікті атқарушы органдар мектеп бюджетінің кемінде екі пайызы мөлшерінде заңнамалық түрде бекітті. 

 «Облыстың барлық аудандары мен қалаларында 25-29 шілде аралығында баспасөз конференциялары өтті. Жоспарға сәйкес дәстүрлі қайырымдылық бастамасы туралы көрнекі ақпарат, акция логотиптері, өткізу мерзімі және жұмыс жоспары бар стендтер безендірілді», – деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Бүгінгі таңда облыс әкімдігі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітті. ​​​​​​​​​​​​​​​

«Біздің ведомство, бөлімдер, білім беру ұйымдары кәсіпкерлерге, меценаттарға, облыстық ведомстволарға акцияға қосылу және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға көмек көрсету туралы ұсыныспен үндеу жолдады», – деп түсіндірді Валерий Гамазов.

Оның хабарлауынша, 2025 жылға дейін Ақмола облысында 470 мектеп жаңартылады. Жаңа оқу жылына дейін 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. 

Аmanat партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес елімізде 2021-2025 жылдар аралығында 5 мың мектепті жаңғырту жоспарланған. Оның аясында мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, оқу және технологиялық жабдық, оқу-әдістемелік, көркем әдебиет сатып алынады, асханалар мен кітапханаларды жаңартылады.

«Биыл облыстың жеті мектебі күрделі жөндеуден өтуде. 87 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деп нақтылады басқарма басшысының орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы