Ақмола облысында 14 ауданға қарайтын аумақты су басуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірдегі 53 елді мекен су тасу қаупі жоғары жерде орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл 14 ауданға қарасты аумақ. Қазір өңірде су тасқынының алдын алу шаралары қолға алынып жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеев мәлімдеді. Оның айтуынша, су басу қаупі бар 35 шақырым жерде су арналарын ауылдан алысқа бұрып, 22 шақырымға жететін өзен арнасы қоқыстан аршылды. 11 шақырым жерге бөгет төселді.

Су тасқыны қауіпін алдын алу үшін 53 елді мекенде 47 су өткізу және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 35 шақырым тереңдету жұмыстары жүргізілді. 22 шақырым өзен арналарында тазарту жұмыстары жүргізілді. 11 км бөгет салу бойынша тасқынға қарсы іс шаралар жүргізілді, – деді облыс әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеев.

Жалпы облыс бойынша тасқынның алдын алу шарасына 2 мыңдай маман жұмылдырылып, мыңнан астам арнайы техника дайындалған.

Наурыз айының аяғында мұз жару жұмыстарын жүргіземіз. Оған 10 ауданда Ақмола облысында өткізіледі жалпы оқу жаттығуда 133 техника жұмылдырылды 335 адам қатысып жатыр және 14 облыстық азаматтық қорғаныс қызметі қатысуда, – деп айтты облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.

Бүгінге дейін өңір аумағынан 300 мың текше метр қар шығарылған. Қазіргі таңда 92 бекетте күзет күшейтілген. Өйткені алдағы күндері жауын-шашын көп болуы мүмкін деген болжам бар.

Наурыз айында облыстың басым бөлігінде жауын-шашын нормадан тыс болуы мүмкін. Дегенмен күн әдеттегіден бірнеше градусқа салқын болады. Оған сібір циклондары әсер етеді деп топшылап отырмыз. Ал айдың аяғына қарай күн жылынады. Сондықтан сәуірдің басында су тасқыны болуы мүмкін, – деді «Қазгидромет» РМК облыс бойынша филиал директоры Бақыт Мақажанова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы