Ақмола облысы тұрғындарына Әлеуметтік кодекстегі жаңа шаралар туралы түсіндірілді
Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырған арнайы мобильдік топ Ақмола облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, ведомство мен еншілес ұйымдардың өкілдері Көкшетау пен Щучинск қалаларында, Бурабай ауданы, Златополье ауылында болып, тұрғындармен, жастармен, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерімен, жұмыс берушілермен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Мобильді топтың құрамына ЕХӘҚМ аппаратының басшысы Азамат Бейісбеков, сондай-ақ ЕХӘҚМ жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов кірді.
Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Еңбекминінің аппарат басшысы А.Бейісбеков еңбек ресурстарының сапасын арттыруға бағытталған ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының нормалары туралы хабардар етті. Қызметкерлердің, жұмыс берушілердің, мемлекеттің құзыреттерін арттыру үшін ортақ жауапкершілігін көздейтін Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясына егжей-тегжейлі тоқталды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының жолдауы мен әлеуметтік кодекстің басқа да маңызды бағыттарын іске асыру – Отбасының цифрлық картасын енгізу, электрондық еңбек биржасы базасында цифрлық экожүйені қалыптастыру, азаматтарды жаппай оқыту үшін жаңа мүмкіндіктер туралы айтылды.
БАҚ өкілдері жас қазақстандықтарға кәсіби біліктілік сертификаты не береді деген сұраққа қызығушылық танытты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған шаралар кешені іске асырылуда. Кадрларды сертификаттау біліктілікті де, жеке дағдыларды да тануға мүмкіндік береді. Бұл ретте сертификат, тіпті диплом болмаса да, жұмысқа кіруге негіз болады, - деп атап өтті Азамат Бейісбеков.
ЕХӘҚМ Жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртуға, зейнетақы төлемдерін арттыруға және т.б. назар аударды. «Новопэк» ЖШС ұжымымен кездесу барысында қолда бар жұмыс орындарына білікті кадрларды тарту үшін жаңа көші-қон саясаты және кәсіпорында бар бос жұмыс орындарын электрондық еңбек биржасына орналастыру бойынша түсініктемелер берілді.
Электрондық еңбек биржасы-бұл бос жұмыс орындарын іздеуге де, жұмысшыларды іздеуге де арналған бірыңғай алаң. Қазір электрондық еңбек биржасында 114 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып, 167 мыңнан астам түйіндеме орналастырылды. Осы ресурстың көмегімен жұмыс берушілер өз аймақтарында ғана емес, бүкіл ел бойынша мамандарды іздей алады, - деді Асқар Ниязов.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында мобильдік топ мүшелері Щучинск қаласындағы қалалық жұмыспен қамту орталығының, Златополье ауылындағы орта мектептің және «Азия Котломаш» ЖШС базасында халықпен және кәсіпорындар ұжымдарымен кездесулер өткізді, онда Жолдаудың және Әлеуметтік Кодекстің негізгі бағыттары талқыланды.
Осы жылғы 30 қыркүйекте мобильді топ Шортанды ауданы, Макинск қаласы, Степняк қаласындағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде халыққа, еңбек ұжымдарына, әлеуметтік қызметкерлерге және қамқоршыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және кездесулерді жалғастырады.