"Ақмола облысы бірінші аяқтады". Тоқаев өңірлерге ескерту жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтағанына назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Баршаңызға мәлім, екі жыл бұрын менің тапсырмаммен “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін, - деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады.
Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек “Жайлы мектеп” жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс, - деді ол.